Зауыт толық іске қосылғанда 1000 адамға дейін жұмыс орны ашылатын болады.
«Turkіstan textile» тігін фабрикасы жылына 15 000 дана тоқыма өнімін өндіруге қауқарлы, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының индустриялық аймағында 2 га аумақта орналасқан «Turkіstan Textile» тігін фабрикасының жұмысы жандана түскен. Қазақстан және Өзбекстан республикаларының бірлескен кәсіпорнының құрылысы 3 айға жуық рекордтық мерзімде аяқталған. Зауыт толық іске қосылғанда 1000 адамға дейін жұмыс орны ашылатын болады.
Тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы салтанатты түрде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған болатын. Бүгінде кәсіпорын өз өнімін өндіруге кірісті.
Инвестор қызметкерлерді жалдау кезінде мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдарға жұмыс орындарын ұсынуға баса назар аударуға ниетті. Сонымен қатар, Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенттеріне практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік беріледі.
Бауырлас мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында іске асырылған жобаның бастамашысы – «Qojakent Textile» ЖШС компаниясы. Кәсіпорын жыл сайын 15 000 бірлікке дейін тоқыма өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
Тігін фабрикасы түрлі арнайы киімдер (медициналық халаттар, униформалар) мен сыртқы киімдерді, «Ataman және Ramsay» брендтерімен ерлерге және әйелдерге арналған костюмдерді шығаруды жолға қоймақ. Жалпы зауытқа тартылған инвестиция сомасы шамамен 420 млн. теңгені құрайды.