Көкпардың басты ұйымдастырушысы Виктор Борисович.
Төлебиде ҚХА-ның 30 жылдығына орай дүбірлі көкпар ойыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, қазақтың ұлттық ойыны көкпардан жарыс өтті.
Елді ынтымақ-бірлікке шақырып, салауатты өмірді насихаттаған спорт додасына Шардара ауданының тумасы, ұлттық спорттың жанашыры, жеке кәсіпкер Виктор Деревянко ұйытқы болып, демеушілік етті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрады.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің бірқатар өңірлері мен Германия, Ресей, Қытайдан келген қонақтар, сондай-ақ облыстың барлық аудан, қалаларынан атбегілер мен шабандоздар және ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты. Көкпарда ас беріліп, киіз үйлер тігіліп, патриоттық әндер шырқалды.
Көкпардың басты ұйымдастырушысы Виктор Борисович өз сөзінде еліміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап, қорғап нығайта беру әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті екенін атап өтті.
- Елдің бірлігі мен тыныштығы – ең басты байлық деп санаймын. Биыл қоғамдағы достық пен бірлікті нығайтуға және бейбіт өмірімізге өлшеусіз үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Мерейлі жылға орай осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қосайын деген ниетпен көкпар сайысын өткізуді мақсат еттім. Көкпар – қазақтың төл спорты әрі рухы мықты жігіттердің ойыны. Пырақтың үстінде өскен азамат елшіл, халықшыл келеді деп ойлаймын. Сондықтан да, бұл ұлттық спортты насихаттауды алдағы уақытта да жалғастырмақ ниеттемін, - деді ол.
Спорт сайысының қорытындысында тақымын қысып, көксеркені көтере білген үздік шабандоздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, келестік Ғалымжан Мырзабаев пен қазығұрттық Бәйдібек Сабыров үздік болып, оларға 500 мың теңге сыйақы табысталды. Басқа да шабандоздарға қомақты сыйлықтар берілді.
Дүбірлі дода соңында қариялар жастарға бата беріп, елдің азаматы болуға шақырды, еліміздің ырыс-несібесі молайып, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін деп ізгі тілектерін жеткізді