Жаңа нысандар – ауыл балаларына тек спортпен шұғылдануға ғана емес, қауіпсіз әрі пайдалы ортада уақыт өткізуге жасалған үлкен мүмкіндік.
Түркістан облысында спорт саласын дамытуға қолдау көрсетілуде.
Солардың екеуі Түлкібас ауданындағы бес мыңға жуық тұрғыны бар Жаскешу және екі жүзден астам тұрғыны бар Жанұзақ ауылдарында ашылды. Жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бейімделуіне ықпал ету мақсатында салынған заманауи алаңшалардың лентасын аудан басшысы Асқар Естібаев пен Жаскешу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Қуанышбеков бастаған ауыл ардагерлері бірге қиды.
Жаңа нысандар – ауыл балаларына тек спортпен шұғылдануға ғана емес, қауіпсіз әрі пайдалы ортада уақыт өткізуге жасалған үлкен мүмкіндік. Бұған дейін көше маңы мен тоғайларда ойнаған балалар енді талапқа сай алаңшада түрлі спорт түрлерімен айналыса алады.
Жобаның басты мақсаты – ауылдан шығып, ауданның, облыстың, тіпті елдің атын шығаратын болашақ мықты спортшыларды тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Хамит Байысбаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр.
Бүгінде Түлкібас ауданында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда аудан аумағында 2 ірі стадион, 63 футбол алаңшасы және жекеменшіктегі 3 футбол манежі жұмыс істеп тұр. Бұл – спортты дамытуға бағытталған нақты қадамдардың жемісі.
Кіші футбол алаңшалары – тек көңіл көтеру орны емес, ой-өрісті кеңейтіп, тәртіпке, топпен жұмыс істеуге баулитын орта. Биылдың өзінде Түлкібас кентінде және Жаскешу ауылдық округінің екі ауылында үш жаңа спорттық алаң пайдалануға берілді.
Аудан әкімдігі бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастырмақ. Жоспар бойынша биыл «Көкжайлау» мөлтек ауданы мен Сейдалиев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына да жаңа балалар ойын алаңшаларын салу көзделуде.