ТҮРКІСТАН: Түлкібаста екі ауылдың ауыз су жүйесі жаңартылып жатыр

0
572

403 абонент жаңа жүйеге қосылып, 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылмақ.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста екі ауылдың ауыз су жүйесі жаңартылып жатыр

Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылындағы су құбыры толығымен қайта құрылымдаудан өтпек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылындағы су құбыры толығымен қайта құрылымдаудан өтпек. Кеңес одағы кезінде тартылып, 45 жылдан астам уақыт бұқараға қызмет етіп келген 49 шақырымнан астам су құбыры толығымен жаңартылып, нәтижесінде 403 абонент жаңа жүйеге қосылып, 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылмақ.


Аталған елді мекенге аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге арнайы барып, ауылдың белсенділері және мердігермен бірге нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.


Жауапты мердігерге құрылыстың сапалы болуын ескертіп, құбыр тарту жұмыстарын бірінші кезекте биыл ауылдағы жөндеуден өтетін көшелерден бастау керектігін атап өтті.


Биыл шетел туристерінің сүйікті орнына айналған Жабағылы ауылының асфальт жабындысы төселмеген 7 көшесіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.


Айта кетейік, дәл осындай ауыз су жүйесін толық жаңарту жұмыстары Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылдық округінің Машат ауылында да атқарылуда. Ол жерде 32 шақырымнан астам су жүйесі тартылып, 357 абонентті жаңа су жүйесіне қосу жоспарланып отыр.