Демеушілер есебінен аудан аумағындағы 108,3 шақырымды құрайтын 32 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында демеушілер есебінен 108 шақырымды құрайтын каналдар тазаланып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданы әкімінің өткен жылды қорытындылау мақсатында елді мекен тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың басым көпшілігінің көтерген мәселесі үй іргелік аумаққа ағынды су келуін қамтамасыз ету болатын. Бұл бағытта бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен бірқатар жұмыстар іске асырылып жатыр.
Нақты айтар болсақ, демеушілер есебінен аудан аумағындағы 108,3 шақырымды құрайтын 32 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Нәтижесінде 2997 гектар жерге ағын су барып, 2960 үйдің іргелік жерлері қайта айналымға қосылатын болады.
Бұл бағытта жұмыстың жандануы ауыл аймақтарда тұратын тұрғындардың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал ететін болады. Себебі, ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлеріне егін егіп, өнім алуына мүмкіндік туып отыр. Бұл өнегелі іс жалғасын тауып, ел мүддесіне орай істке асатын болады.