Түркістандағы "Жылу" мекемесі қысқы маусымға толық дайын
Жылу МКК Түркістан қаласындағы бірінші, екінші мөлтек аудандарындағы 75 көп қабатты және 28 бюджеттік, жаңа 60 жер телімдік үйлерді жылумен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2010 жылы өз жұмысын бастаған мекемеде екі жылыту қазандығы жұмыс жасайды. Бір маусымда 15560 тонна қатты отын пайдаланылады. Бүгінде он мың тонна алуға келісім-шарт жасалып, оның 6680 тоннасы тасымалданған. Бірінші қарашаға дейін қатты отын сақталатын орынға қалған көмір жеткізілмек. Мекеме директорыЕрғазы Рысбековтың айтуынша қазіргі уақытта маусымдық жөндеу жұмыстары аяқталған. Қысқы маусым басталса қазандық толықтай жұмыс істеуге қабілетті.
- Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін ішкі үйлердіңжылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізсе деп өтініш жасап отырмыз.Себебі, қазандықпен қоса ішкі жылу жұмысы жасалмаса жылу температурасын көтеруге мүмкіндік болмайды. Жылу есептегіш құрылғыны, жертөледегі, үй ішіндегі құбырлар, жылу батареяларын жөндеу жұмыстары тұрғындар есебінен жүргізіледі. Мекемеге штаттық кестеге сәйкес 99 адамға бекітілсе, жылу маусымында 89-90 жұмысшымен жұмыс жасаймыз. Маусым аяқталған соң жұмысшылардың басым көпшілігі ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр. Қала халқына 1-қарашадан бастап жылу берілетін болады, - деді Ерғазы Әбдірахманұлы.
Мекеме басшысы сонымен қатар тұрғындар жылу ақысын уақытылы төлеуге көңіл бөлсе дейді. Төлем жасалмаған жағдайда орталық жылу жүйесінен ажыратылып немесе сотпен мәжбүрлеп өндіру, тіпті, үстеме пайызымен өндіру заң аясында жүргізілетінін тілге тиек етті.