Іс-шара мемлекеттік қызметте қызмет етуге құлышынысы жоғары 100-ге жуық жастың қатысуымен өтті.
Түркістан облысында жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру, оның ішінде мемлекеттік қызметке шақыру мақсатында екі күндік «Алтын қор» жастардың кадрлық резервін дайындау шарасы өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған жоба қазіргі таңда дәстүрге айналып, 4 рет ұйымдастырылып отыр.
Шара аясында жыл сайын жоғары оқу орындарын үздік бітіруші 3 мыңға жуық жастарға облыс әкімдігі мен ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлесіп арнайы семинар-тренингтер, кездесулер, ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Биыл да дәстүрлі түрде жалғасын тауып отырған жоба аясында жыл басынан бері 1500 түлекпен түрлі бағытта кездесулер өткізілді. Ал, бүгін мемлекеттік қызметте қызмет етуге құлышынысы жоғары 100-ге жуық жастың қатысуымен Төлеби ауданында 2 күндік семинар-тренинг өткізіліп отыр.
Жобаға қатысушы жастар «Алтын қор» жастар кадрлық резервінің мүмкіндіктері, «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу тәртібі», «Жұмыста жеке қабілеттерді тиімді пайдалану» тақырыптарында арнайы мамандардың ақыл-кеңесін тыңдады. Сонымен қатар, жастар ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Ұ.Тәжібаевпен мемлекеттік қызметтің қыр-сыры, қиындықтары мен қызығы жайлы еркін форматтағы кездесу өткізді. Содан кейін «Алтын Қор» жастар кадрлық резервінің түлектері Саду Бекзат пен Мұсаев Арман осы жобаның жастарға берері мол шара екендігін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аталмыш жоба аясында психологиялық тренингтер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.