Құм тас тасымалдаушы автокөліктерге 2 603 640 теңге айыппұл салынған.
Өмірзақ Шөкеев жер қойнауын заңсыз пайдалануды жою бойынша құрылған мобильді топтың атқарған жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы аудан аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалануды жою бойынша құрылған мобильді топтың атқарған жұмыстарымен танысты.
Жалпы, аудан аумағында 23 кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін орындардың рұқсат құжаттары алынғаны анықталған. Осы орайда арнайы мобильді топтар ҚР Жер кодексінің 14-1, 147 баптарын басшылыққа алып, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай, заңсыз жер учаскелерін қазып, қиыршық тас өңдеп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған 31 жеке және заңды тұлғаларды, яғни 34 жер телімін есепке алған.
Оның ішінде 15 заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға шара көріліп, сотта қаралуда. 19 заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті тарапынан тергеп, тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, құрылған жұмысшы және мобильді топ облыстық автокөлік инспекциясымен бірлесе отырып, 56 құм тас тасымалдаушы автокөліктерге 2 603 640 теңге айыппұл салған.
Айта кетсек, Заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және оларға зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жұмысшы және мобильді топ құрамдары құрылып, жаппай тексеру басталған. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.