ТҮРКІСТАН: Жергілікті және шетелдік дәрігерлер қарт науқастарға ота жасап жатыр

0
1 871

Түркістан облысында Германия мен Ресейден келген дәрігерлер қарттарға ота арқылы жасанды буын қойып жатыр


ТҮРКІСТАН: Жергілікті және шетелдік дәрігерлер қарт науқастарға ота жасап жатыр

Түркістан облысы мен шетелдік дәрігерлер бірігіп қарт науқастарға жасанды буын қойып, аяққа тұрғызып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ота жасатқандардың арасында 120 келі салмақтағы қария бар. Неміс және Ресей дәрігерлері тізе буынын ішкі протездеу оталарын жасау үшін Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арнайы шақыртумен келді.

Профессор Шнетлер Рейнер (Германия) мен Мәскеу қаласынан келген профессор Денис
Римашевский Облыстық клиникалық ауруханасында Түркістан облысының дәрігерлеріне мастер класс беріп, тәжірибесімен бөлісуде. Алғашқы болып түркістандық мамандар неміс әріптестерімен бірігіп, салмағы 120 келі әйелдің тізе буынындағы жарамсыз шеміршегін тазалап, орнына жасанды буын қойып берді. Буын алмастыру отасы бес сағатқа жалғасқан. Пышаққа түскен әйелдің буын ауруы семіздіктен пайда болған, дейді мамандар. Семіздіктің салдарынан аяққа ауырлық түсіп, бес жылдан бері қимыл қозғалысы шектелген қария жасанды буынның арқасында тік жүретін болды. Науқастарға “Страйкер” фирмасының жасанды импланты қойылды. Күрделі ота сәтті аяқталды. Дәрігерлер тізе буынындағы жарамсыз шеміршектерін тазалап, орнына жасанды буын қойды. Операция Облыстық клиникалық аурухана базасында өтті.
Буын ауруы мазалайтындардың басым бөлігі семіздікке шалдыққан азаматтар. Соңғы жылдары артық салмақтың кесірінен аяғын баса алмай қалғандардың саны артып келеді.
“Артық салмақ әр түрлі қосымша аурулардың қозуына себеп болуда. Бүгінде семіздік дертінің эпидемияға айналып барады. Мен қанша жерден білікті маман болсам да артық салмағы бар азамтаттарға операция жасағанда қиналамын. Өйткені бұл операция кезінде барлық элементтерді тура 100 пайыз дұрыс орындап шығу маңызды. Сондықтан бұл қиындықты дер кезінде шешкен дұрыс, дер ем”,-дейді Мәскеу қаласындағы РХДУ дәрігері Денис Ремашевский.
Бұл — Германиялық және Ресей дәрігерлерінің өңірімізге алғашқы іс-сапары емес. Мамандар мұның алдында аурухана базасында буын алмастыру отасын жасаған болатын. Жергілікті ақ халаттылардың сөзінше, семіздікке шалдыққандардың басым бөлігінің тізе буыны зақымданады. Отаның мұндай ауыр түрін жергілікті дәрігерлер де жүргізеді.
Айта кетейік, Түркістан облыстық аурухана базасында жыл сайын 100-ден аса буын алмастыру отасы жасалады. Мамандар мұндай ота кезінде америкалық фирманың шығарған жасанды буынын науқастарға қойып береді. Дене жарақатын алған­дарға салынатын протез — таптырмас мүмкіндік. Қазір жасанды буынның көмегімен травматологтар мен ортопед­теріміз омыртқасы сынған адамды бірер күннің ішінде аяғынан тік тұрғызуда.