«Қазсушардың» Түркістандағы филиалы нысанды механикалық жолмен тазалауды аяқтап қалды.
Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында 74 587 га егіс алқабы суарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті диқандарды суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысты.
Су ведомствосының басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық суды бөлетін «Достық» мемлекетаралық каналына барды. Қазіргі уақытта су біздің елге бұрын қол жеткізілген халықаралық келісімдерге сәйкес жеткізіліп, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы егіс алаңдарын суаруға пайдаланылады.
Бүгінгі таңда «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы Мақтаарал ауданының шаруаларымен суармалы су беруге 3 223 келісімшарт жасасты, Жетісай ауданы бойынша 1 492 келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында суармалы жер көлемі - 47 332 га, Мақтаарал ауданында - 27 255 га.
Одан кейін министр «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жұмысымен танысты. «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы нысанды механикалық жолмен тазалауды аяқтап қалды.
«Келісімшарт жасаған су пайдаланушылармен міндеттемелерді орындау үшін каналдар бойынша кезекпен су беру жүргізіледі, ал министрліктің жұмыс тобы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы су пайдаланудың заңдылығын қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ суды келісімшартсыз тұтынғандарға және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткендерге айыппұл қарастырылған. Бірақ диқандар да су үнемдеу технологияларына көшіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егуді азайту арқылы су ресурстарын үнемдеуге өз үлестерін қосуы керек. Мемлекет бұл үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасады», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Биыл Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткенін еске сала кетейік. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 га шекті көлемге қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 га күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан. Осыған байланысты филиалдың бірқатар басшысына қатаң сөгіс берілді.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Түркістан облысындағы вегетациялық кезең министрліктің бақылауында.