ТҮРКІСТАН: Жетісайда грант алған кәсіпкерлер көрме өткізді

0
430

Былтыр 110 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болған.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда грант алған кәсіпкерлер көрме өткізді

Жетісайда мемлекеттік грант алғандардың көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында былтыр 110 адам мемлекет тарапынан 1 380 000 теңге (400 АЕК) қайтарымсыз грантқа ие болған.


Аудан әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен аудандық мәслихат депутаттары Елдос Ахметов, Асқар Қайназаров былтыр бюджет есебінен мемлекеттік грант алып, өз кәсібін дөңгелеткен азаматтардың көрмесін көрді. Аталмыш көрмеге кәсіпкерлік мақсатта берілетін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Бастау Бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грант алғандар қатысып, өз өнімдерін ұсынды.


Бүгінгі көрмеге қойылған жетісайлық қыз-келіншектердің қолдарынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары, тағамдар, көрпе-жастық, моншақтар, көкөністер мен өзге де қажетті дүниелер бүгінде нарықта сұранысқа ие. Аудан әкімі мемлекет қолдауымен кәсібін ашып, отбасын асырап жүрген кәсіпкер әйелдердің жұмысын жоғары бағалап, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


Жалпы Жетісай ауданы тұрғындарына берілген 151 800 мың теңге қайтарымсыз гранттың 35,88 млн теңгесін 26 азамат мал және құс шаруашылығы бағытына алса, 53 адамға 73,14 млн теңге өндірістік салаға, 11 адамға 15,18 млн теңге жылыжай өнімі және тыңайтқыштар бағытына, 20 адамға 27,6 млн теңге қызмет көрсету бағыты бойынша берілген. Нәтижесінде 118 қосымша жұмыс орындары ашылған.