Прокурорлық талдау барысында бірқатар заңсыздықтар анықталды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жетісай аудандық прокуратурасы аудандағы жол көлік оқиғаларының жиілеуіне түрткі болатын факторларға талдау жүргізу барысында заңсыздықтарды анықтады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Прокурорлық талдау жүргізуге түрткі болған негізгі себеп – автокөлік апаттарының жиілеуі. Өткен жылдың тиісті мерзімінде 43 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 37 тұлға түрлі дене жарақатын алса, биылғы жылдың басынан бері 49 жол-көлік оқиғасы орын алып, 38 адамның денсаулығына зиян келген.
«Жетісай ауданында шаруалардың көкөніс пен мақта дақылдарын өсірулеріне байланысты осы ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдау барысында жол-көлік оқиғаларының шектен тыс көбеюіне түрткі болатын мәселе – жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық ақауы бар арнайы техника мен көлік құралдарын пайдалану және олардың атқаратын жұмыс ерекшелігіне сай жабдықталмауы, жол ережелерін өрескел бұзулары мен оларға ішкі істер органдарының жергілікті құрылымдары тарапынан заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларлардың қаралмауы себеп болуда», - дейді Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев.
Сонымен қатар, прокурорлық талдау барысында аудандық психиатриялық есепте тұратын 8 азаматтың жүргізуші куәлігін заңсыз алғандығы анықталып, аталмыш азаматтардың жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тануға сотқа талап-арыз беруге аудандық полиция бөліміне ұсыныс жолданған.