ТҮРКІСТАН: Жетісайда су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүріп жатыр

0
114

Гектарына кететін орташа шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланса, 20 пайызы шаруаның есебінен төленеді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүріп жатыр

Жетісай ауданында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы, Абай ауылдық округі, Халықтар Достығы елді мекеніндегі «Смайл» шаруа қожалығы 230 гектарға қытайлық мақта шитін сеуіп, 10 гектарына көкөніс, 20 гектарына бақша дақылдарын еккен. Ағын су тапшылығының алдын алып, өнімділікті арттыру мақсатында 230 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізуді жоспарлап, биылғы жылы 177 гектар жеріне су үнемдеу технологиясын «BNK GROUP» компаниясымен іске асыруда.


- Гектарына кететін орташа шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланса, 20 пайызы шаруаның есебінен төленеді. Су үнемдеу технологиясы өнім көлемін 2-2,5 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - дейді қожалық басшысы Смайл Әуезов.


Журналистер өңірдегі қауын-қарбыз жиын-терім науқанымен де танысты. Соңғы 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Қайрат Жақыпов Абай ауылдық округіндегі 30 гектар егістік жерінің 15 гектарына қауынның «Бакинка» сортын ексе, 15 гектарына мақта шитін сепкен. Қожалық төрағасының ерте көктемде отырғызған көшеттері жоспардағы 65 күнде емес, 70 күнде дайын болып отыр.


Сондай-ақ, тілшілер өңірде атқарылып жатқан ауызсу құрылысы жұмыстарымен де танысты. Өңір басшысы Серік Мамытовтың тапсырмасы нәтижесінде 105 елді мекеннің барлығы толығымен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Ауданда 83 дана ауыз су ұңғымасы, 85 ауыз су мұнарасы мен 24 су сақтағыш, санитарлық қорғау аймақтары талапқа сай қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ауданда тартылған 1197 шақырым ауыз су құбырларының 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.

Бөлісу