Саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазалануда.
Жетісайда өткен сенбілікте 30 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес Жетісай ауданына қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті.
Қызылқұм, Ж.Ералиев, Абай және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында жүргізілген негізгі тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам адам мен 13 техника жұмылдырылып, 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі, су қоймасы жағалауындағы тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, арнайы бекітілген аумақтарында жұмыстар жүргізді. Өйткені қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор.
Одан бөлек, күнделікті жүргізіліп отырған сенбілік аясында да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартуда. Сонымен қатар сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазалануда.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатынын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылғанын айтады.