ТҮРКІСТАН: Жетісайлық имамдар 10 отбасыға үй салып бермекші

0
1 390

Жетісай ауданындағы “Нұғман”​ орталық мешіті мен “Зекет” қайырымдылық қоры биыл әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасыға үй салып бермекші.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық имамдар 10 отбасыға үй салып бермекші

Жетісай ауданында биыл “Нұғман” орталық мешіті мен “Зекет” қайырымдылық қоры қызметкерлерінің ұйымдастыруымен “Баспанаға жол” қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасына баспана салып беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өткен жылы өңірдегі баспанаға мұқтаж бес отбасына үй салып беріп игі бастама көтерген Жетісай аудандық орталық “Нұғман” мешіті мен “Зекет” қайырымдылық қорының қызметкерлері үстіміздегі жылы сауабы мол шараны еселемек ниетте.

Осы мақсатта бүгінде аудандағы Қазыбек ауылдық округінен 20 соттық жер телімі беріліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Бізді қуантатыны мұсылманның мұсылманға бауыр екенін жіті түсініп, қайырымдылық шарасына атсалысушылардың қатары күн санап артып келеді және біздің бұл бастамамыз жергілікті әкімдіктер тарапынан да үлкен қолдау тауып отыр» дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, өткен жылы бес отбасына баспана салып берумен қатар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың пәтерақылары мен комуналдық шығындарын өтеп беріп, жыл бойына киім-кешекпен, азық-түлікпен көмектескен ұйымдастырушылардың қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.