Тұрмысқа қажетті азық-түліктер әперіп, қаржылай да көмек көрсеткен.
Жетісайлық түлектер 1 млн теңге жинап, тұрмысы төмендерге жақсылық жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданы Шаблан Ділдәбеков ауылдық округі С.Қожанов жалпы орта мектебінің 2002 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай қамкөңіл жанға қайырымдылық жасады.
Үнемі жақсы істердің қасында жүретін мектеп түлектері бірлік танытып, өздерінің қалталарынан 1 миллион теңге қаражат жинап, тұрмысы төмен деген 20-ға жуық отбасына тұрмысқа қажетті азық-түліктер әперіп, қаржылай да көмек көрсеткен.
Сондай-ақ, түлектер мәуліт айына орай ауылдағы мешітте гір тасын көтеру, қошқар көтеру, кермеге тартылу бойынша спорттық іс-шара өткізіп жеңімпаздарға қаржылай сый жасады. Шара соңында мектеп түлектері ұстаздар рухына арнап ас беріп құран оқытты. Аудан орталығынан келген дін өкілдері шариғат талаптарына сәйкес уағыздар айтып, көпшілікті жақсылық жасауға шақырды.
"Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Ауызбіршілігік танытып қолдау білдірген сыныптас достарыма ризашылығымды білдіремін. Бұндай қайырымдылық жұмыстары алдағы уақытта да өткізілетін болады", - дейді ізгі істердің басында жүрген 2002 жылғы түлек Абдулла Мейрбеков.