ТҮРКІСТАН: Жетісайлық ұстаздар қайырымды іс жасады

0
822

Мұғалімдер қауымы ауылдағы 24 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, азық-түлік үлестірді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық ұстаздар қайырымды іс жасады

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан С.Сейфуллин атындағы N52 жалпы орта мектебінің ұстаздары көпке үлгі боларлық іс жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде 120 ұстазға басшылық жасап отырған мектеп директоры Ғазиза Шүкірбаеваның бастамасымен мұғалімдер қауымы ауылдағы 24 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көрсетіп, азық-түлік үлестірді. Бұдан бөлек, 620 оқушыға бетперде таратып, аз қамтылған отбасы балаларына дәптер мен қалам тарту етті. Жалпы мектеп ұжымы осы мақсатқа 130 мың теңге жұмсаған.
“Ел басына күн туғанда біз де азаматтығымызды білдіріп, мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсеткіміз келеді. Карантиндік режимде көмекке мұқтаж отбасыларға ұстаздарымыздың демеушілігімен азық-түлік себеттері мен мектептің технология пәні мұғалімдері қолдан тіккен бетперделерді үлестіріп бердік",- дейді Ғазиза Әлібекқызы.
Мектеп басшысының айтуынша, білім ұясындағы көпбалалы отбасылардың балалары қажеттілігіне қарай толығымен ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, ауылдың қалталы азаматтары мен ата-аналардың, ұстаздар қауымының демеушілігімен қайырымдылық акциялары жиі ұйымдастырылып, жиналған қаражатқа мұқтаж оқушыларды оқуға қажетті құрал-жабдықтары, киім-кешектері таратылып отырады екен.
Өздерінің ауызбіршіліктерінің арқасында өзгелерге өнеге көрсетіп отырған С.Сейфуллин атындағы N52 жалпы орта мектебінің ұстаздары мұндай қайырымдылық шараларын өткізуді алдағы уақыттарда да күн тәртібінен түсірмек емес.