Зерделеу нәтижелері бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиналыста сараланды.
Түркістан облысында жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың сәулеті қатаң бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің халықаралық маңызы бар жолдардың бойын ретке келтіру бойынша тапсырмасына сәйкес, Түркістан – Шымкент – Сарыағаш бағытындағы күрежол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу нәтижелері бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиналыста сараланды.
Бүгінгі таңда жұмысшы топ 137 нысанды аралап, бірқатар кәсіпкерге ғимараттардың сәулетіне қатысты ескерту жасады. Түркістан – Шымкент – Сарыағаш бағытында 33 жанармай бекеті, 69 тамақтану орны, 8 қонақүй, көлікке техникалық қызмет көрсететін 27 нысан бар. Оның ішінде, 7 нысанның иелері жөндеу жұмыстарын жүргізуге уақыт сұраса, иесі анықталмаған 3 ғимаратты бұзу жөнінде аудан әкімдіктеріне ұсыныс жолданды. Ордабасы және Бәйдібек аудандарында орналасқан 4 нысанның иесі нақтылануда.
Алматы – Термез тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, бірқатар нысан 2010 жылдан бері қызметін тоқтатқан. Өйткені ғимараттар жол қоршауының тысында қалып қойған. Кәсіпкерлер ғимаратқа көлік бұрылысына жол ашылып, рұқсат берілген жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізген.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға дүңгіршектер мен сауда қатарлары үшін бірыңғай сәулет үлгісін ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, жол бойында көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесін жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлерге ұсыну керектігін атап өтті. Одан бөлек, облыстағы аудан, қала аралық жол жиектеріндегі кәсіпкерлік нысандарының заңдылығын зерделеп, қасбеттерін реттеу бойынша тиісті тапсырмалар берді.