ТҮРКІСТАН: Жыл сайын 280 млн текше метр су үнемделеді

0
322

Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – өңірдегі басым бағыттардың бірі.


ТҮРКІСТАН: Жыл сайын 280 млн текше метр су үнемделеді

Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары арқылы жыл сайын 280 млн текше метр су үнемделеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіншіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Су тапшылығының алдын алу, трансшекаралық өзендерге тәуелділікті ескере отырып су ресурстарын ұтымды басқару және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – өңірдегі басым бағыттардың бірі.

Түркістан облысы – Қазақстанның ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Облыстағы суармалы жер көлемі 575 мың гектарды құрайды. Бұл – республикадағы барлық суармалы жердің шамамен төрттен бір бөлігі. Облысқа тиесілі су ресурстарының шамамен 63 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Осы су көздерінің есебінен 314,2 мың гектар суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етілуде. Вегетациялық кезеңге облысқа 2,6 млрд текше метр ағын су лимиті бекітілді. Бүгінгі таңда 2,5 млрд текше метр ағын су лимиті алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар су тапшылығы жағдайында су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға да мүмкіндік беруде.

2025 жылы облыста су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға жетіп, 195 млн текше метр ағын су үнемделді. Биыл су үнемдеу технологияларымен қамтылған жер көлемі 164 мың гектарға жетті. Бұл облыстағы суармалы жердің шамамен 30 пайызын құрайды. Бұл жыл сайын шамамен 280 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өңірде су инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Атап айтқанда, су есепке алу жүйелерін цифрландыру, каналдардағы судың жоғалуын төмендету, автоматтандырылған гидробекеттер орнату, сондай-ақ мемлекеттер арасында жедел ақпарат алмасу тетігін жетілдіру көзделуде.

Жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар Түркістан облысының су қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және қолда бар су ресурстарын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бөлісу