ТҮРКІСТАН: Жыл соңына дейін 500-ге жуық баспана құрылысы аяқталады

0
951

Жалпы ауданы 32 864,02 шаршы метрді құрайды.


ТҮРКІСТАН: Жыл соңына дейін 500-ге жуық баспана құрылысы аяқталады

Түркістан қаласында жыл соңына дейін 16 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Түркістан» ӘКК» АҚ мен Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп Түркістан қаласында пресс-тур ұйымдастырды. Шара барысында журналистер агроөнеркәсіптік, туризм, құрылыс салаларына қатысты бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен БАҚ өкілдері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңбырлатып суару жүйесінің жобаларымен танысты. Қазіргі таңда, мың гектардан астам алқапта жаңбырлатып суару жүйесін құру қолға алынуда. Мұндағы мақсат жаңаша жобаның көмегімен дәнді-дақылдардың өнім көлемін арттыру. Бүгінде жоспарды жүзеге асыру үшін 100 фермерлік шаруашылық жер телімдері біріктірілген. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару жүйесіне қолданылатын Американдық «T-L» фирмасының 18 жаңбырлатып суару машинасы орнатылып, 26 ауыл шаруашылығы техникасы бар машина-трактор стансасы құрылған.

Сондай-ақ, тілшілер әлеуметтік дүкендердің жай-күйіне де қанықты. Жалпы Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында 13 дүкен жұмыс істесе, 5 супермаркетте әлеуметтік тауарлар жиынтығының қатары бар. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізіміне кіретін 19 түрлі тауарлар базар нарқынан 10 пайызға дейін төмен бағада саудаланады. Сауда орындарын үздіксіз тиісті азық-түлікпен қамтып отыру үшін арнайы қор құрылған. Қазіргі таңда, онда жалпы құны 533,5 млн. теңге болатын 6 581,8 тонна тауар сақталған.

Сонымен қатар, журналистер қауымы «Turkistan Jana-qala» жаңа тұрғын үй алқабында да болып, жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында «Арман» және «Сырдария» тұрғын үй кешендері жобалары да жүзеге асырылған. Нәтижесінде 1 418 пәтерлік 44 көпқабатты тұрғын салынып, өткен жылы 165 пәтер сатылды. Ал, үстіміздегі жылдың соңына дейін жалпы ауданы 32 864,02 шаршы метр болатын 488 пәтерлік 16 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.