Қазіргі таңда жоспардың 60 пайызы орындалған.
Кентау қаласының жылыту маусымына деген дайындығы пысықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Кентау қаласындағы қазандықта қысқа дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 60 пайызы орындалған жоспар 20 қазанға дейін толығымен аяқталатын болады. Осы шаруаларды атқару үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген.
Түркістан облысы Табиғи монополиялар департаментінің өкілі мен «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті» өкілдері Кентау қаласының жылыту жүйесіне жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Жұмысшы топ «Кентау сервис» мекемесінің атқарып жатқан шаруаларына оң бағасын берді.
Биыл кентаулықтар қыстан қиналмай шығатынын айтқан ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департамент басшысы Бекжан Әлімқұлов, қысқы маусымға деген дайындық мәселелері облыс басшысының тікелей назарында екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Кентау сервис» мекемесіне 14534 абонент қосылған. Бүгінгі таңда мекемеде 62 тонна сұйық отын әзірленген болса, 27 мыңға жуық тонна қатты отын келісімшарт негізіндеЕкібастұздан Кентау қаласына қарай бағытталып жөнелтілуде.