Түркістанда 900 орындық мектеп ашылады

0
569

Білім ұясы заманауи қондырғылармен жабдықталады.


Түркістанда 900 орындық мектеп ашылады

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жасыл желекті күтіп-баптау барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс сапасына баса назар аударуды міндеттеді. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы демалыс аймақтарында жасыл желекті күтіп-баптау мен баульвардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, халықаралық әуежайға барар жолда 400 мыңға жуық түрлі ағаш отырғызылған.


Облыс басшысы сондай-ақ Түркістан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Әкімшілік-іскерлік орталықта 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй және 4,6 және 8 қабатты 22 тұрғын үй бой көтерген. Айта кетейік, жыл басынан бері түркістандық 500-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде кезекке тұрған азаматтарға 252 пәтер, несиемен 204 пәтер берілді. Жоспарланған 108 көпқабатты тұрғын үйлердің 26-ы тапсырылды, қалған 82-сі биыл аяқталады.


Сондай-ақ, жаңа оқу жылында Түркістан қаласында 900 орындық мектеп ашылады. Білім ұясы заманауи қондырғылармен жабдықталады. Үлкен спорт зал мен пәндік сыныптармен қамтылған. Облыс әкімі жаңа мектептің құрылыс барысын бақылап, мердігерлермен кезедесті. Қазір мұнда ішкі құрал-жабдықтар орнатылып, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.


Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталғаны белгілі. Қаланың негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445,3 млрд. теңге 257 жоба іске асырылып, жаңадан Халықаралық әуежай, Әкішілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтті және өндірістік аймақ құрылды. Рухани-мәдени орталығындағы 16 нысанның 14-нің құрылысы толықтай аяқталды. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспарына 141 іс-шара енді. Оның ішінде 75%-ы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.