Түркістанда аламан айтыс өтіп жатыр

0
738

Екі күнге созылатын дүбірлі айтысқа республиканың барлық өңірінен елімізге танымал айтыскер ақындар қатысып жатыр.


Түркістанда аламан айтыс өтіп жатыр

Түркістан облысының құрылуына 3 жыл толуына орай "Түрленген, гүлденген Түркістан" атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласындағы "Конгресс-Холл" орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының құрылуына 3 жыл толуына орай «Nur Otan» партиясының және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Түрленген, гүлденген Түркістан" атты республикалық ақындар айтысы басталды. Айтыстың ашылуында сөз алған "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев айтыс өнерінің қазақ руханиятындағы рөліне кеңінен тоқталып, ақындарға сәттілік тіледі.


"Айтыс деген – қазақтың жаны. Сонау мыңжылдықтардан, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл өнерді қолдау – баршамыздың міндетіміз. Сөз додасына бабы мен бағы жанар сайыпқыран ақындар жиналыпты. Ендеше, айтыскерлерге сәттілік тілеймін", - деді Бейсен Дәулетұлы.


Екі күнге созылатын дүбірлі айтысқа республиканың барлық өңірінен елімізге танымал айтыскер ақындар, атап айтсақ, Айбек Қалиев, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Мейірбек Сұлтанхан, Сырым Әуезхан, Біржан Байтуов және тағы да басқа сөз шеберлері қатысып, кім мықтыны анықтауда.


Айтыстың негізгі мақсаты – айтыс өнері арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, Түркі әлемінің рухани астанасы атанған түрленген, гүлденген – Түркістанның жетістіктерін жырға қосу. Сондай-ақ, ҚР Халық ақыны, «Парасат», «Достық» ордендері мен Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері 70 жасқа толып отырған Әселхан Қалыбекованың айтыс әлеміндегі шоқтығы биік өнерін дәріптеу.


Ақындардың өнеріне елімізге белгілі айтыс ақтангерлері Әселхан Қалыбекова, Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Маржан Есжанова сынды айтыскер ақындар қазылық етуде. Іс-шараны ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізуде.


Айта кетейік, айтыстың алғашқы күнінде Жансая Мусина мен жерлесіміз Дәурен Ақсақалов арасындағы сөз сайысы көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Орынды ой, тапқыр әзілге мән берген айтыскерлердің екеуі де келесі айналымға жолдама алды. Бұдан бөлек, торғайлық Айбек Қалиев, қызылордалық Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов сынды мықтылар да финалдық кезеңге өтті. Екі күнге жалғасатын айтыс жеңімпаздары бағалы және арнайы сыйлықтармен марапатталады.