Оқиға желісі жоғары сынып оқушылары – бозбалалар мен бойжеткендердің алғашқы махаббаты, алғашқы вальсі, жүрек толқытар сәттері мен мектептегі қызықты сәттері арқылы өрбиді.
Түркістанда «Алғашқы махаббат» қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде «Алғашқы махаббат» қойылымының премьерасы өтті. Премьера барысында драматург, ақын, актер Қанат Жүнісовтің өзі де көрермендер қатарынан табылып, спектакльді бірге тамашалады.
Оқиға желісі жоғары сынып оқушылары – бозбалалар мен бойжеткендердің алғашқы махаббаты, алғашқы вальсі, жүрек толқытар сәттері мен мектептегі қызықты сәттері арқылы өрбиді. Қанат атты бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаты баяндалды.
Көрермен қауым жастық шағына қайта оралып, ұмытылмас естеліктермен қауышты.
«Алғашқы махаббат – адамның жүрегінде мәңгі сақталатын таза сезім. Өмірде бәрі өткінші болғанымен, сол алғашқы жүрек лүпілі, алғашқы сүйіспеншілік – мәңгілік» дейді автор мен шығармашылық топ.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінің көркемдік жетекшісі Мерей Маханов қойылым алдында туынды жайлы пікірін білдірсе, кеш соңында мекеме басшысы Асқар Кенехан авторға құрмет көрсетіп жылы лебізін білдірді. Ал драматург алғысын жеткізіп, туындының көптің жүрегіне жеткеніне қуанышын жасырмады.
Бұл комедияда елімізге белгілі театр және кино актерлары Асылхан Төлепов, Ақнұр Рахат, Азат Асан, Шахмардан Алмаханмен бірге «Jana lep» өнер ұжымы мектеп өмірінің ең кіршіксіз сәттері мен жастық шақтағы балаң сезімдерді сахнада шынайы әрі әсерлі жеткізе білді.
Шығармашылық ұжым жаңа туынды арқылы шынайы эмоция мен терең мағына сыйлауды мақсат етеді. Жыл басталғалы бері бірқатар қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. «Алғашқы махаббат» та репертуарға еніп, алдағы уақытта көрерменге қайта ұсынылмақ.