Түркістанда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды

0
2 336

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жанынан ашылған «Көші-қон қызметтерін көрсету орталығына» келіп жұмысмен танысты.


Түркістанда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды

Түркістан облысының орталығы киелі Түркістан шаһарында Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Түркістан қаласы 160-кварталда орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының жанынан, облыс басшысы Ө.Шөкеевтің тікелей басшылығымен «Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы» ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Ө.Шөкеев, Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков, қалалық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен ашылған бұл орталық шетел азаматтарына, қалаға келген қонақтарға тіркелу жағынан көмегін тигізіп, қызметтерді көрсететін болады. Сонымен қатар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды, азаматтардың тарапынан жұмсалатын уақытты үнемдеуді, халық үшін тіркелу жұмыстарын оңтайландыруды, сыбайлас жемқорлықты болдырмауды көздейді. Бұл жерде арнайы азаматтар үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, кірістер басқармасының қызметкерлері, медицина саласының мамандары және банк өкілдері, көші-қон қызметінің полицейлері қызмет көрсететін болады.

Арнайы орталықтың залында мемлекеттік қызметкерлер сізді бірінші кезекте тіркейді, сонан соң корпорация қызметкерлері құжаттарды рәсімдеу, дайындау іс-әрекеттерін жүзеге асырады. Ал, арнайы бөлінген кабинеттерде орналасқан банк өкілдері, кірістер басқармасының қызметкерлері және көші қон қызметі басқармасының полицейлері өз өкілеттіліктеріне сай қызмет көрсетуді іске асырады.

Нақтырақ айтып кетер болсақ, Көші-қон басқармасынан бөлінген қызметкерлер мемлекеттік қызметкерлер арқылы қабылданған құжаттарды тексеріп, бірыңғай ақпараттық жүйесіне мәліметтерді енгізумен шектеледі. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және жоюға өз ықпалын тигізеді. Орталықты ашып беріп, жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі Ө.Шөкеев орталыққа өзінің оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.