​Түркістанда облыстық жедел жәрдем станциясы ашылды

0
3 290

Келесі жылы аудандардағы жедел жәрдем көліктері толықтай жаңарту жоспарлануда.


​Түркістанда облыстық жедел жәрдем станциясы ашылды

Облыс орталығындағы жаңа жедел жәрдем бекетінің қызметкерлеріне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салтанатты түрде үш су жаңа көліктердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Бұрынғы «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының ғимараты бүгіннен бастап облыс тұрғындарына жаңа жедел жәрдем бекетінің ғимараты ретінде қызмет көрсететін орталыққа айналды. Орталықтың ашылуына облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Әскер Әбдіқадыров пенБАҚ өкілдері қатысты.

«Түркістанда тағы бір жаңа оқиға. Жалпы өңірімізде медицина саласында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Компьютермен қамтамасыз ету, цифрландыру, көліктермен қамту, медицина мамандарының білімдерін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың өзінде бірнеше мамандар шетелдерге барып, тәжірибе алмасып қайтты. Халыққа жайлы жағдай жасау сіздерге артылған зор міндет. Еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Келесі кезекте жедел жәрдем станциясының қызметкерлеріне үш бірдей су жаңа автокөліктерді салтанатты түрде табыс еткен аймақ басшысы жаңа ғимараттың жұмысымен танысып шықты.

Сонымен бірге, бекетдәрігерлер мен медбикелер, фелдшерлердің тәжірибесін жетілдіруге арналған орталықтың да қызметін атқармақ. Орталықта жалпы саны 250-гежуық мамандар қызмет етеді. Ең маңыздысы орталық бақылау жүйесіне айналған бекет облыс бойынша шұғыл қоңырауларды қабылдап, аудан, қалалардағы станцияларға хабарлап отырады.

«Түркістан қаласы автокөліктермен толықтай жүз пайыз қамтылған», - деген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев облыс көлемінде кейбір аудандардағы көліктердің жетіспеушілігі, тозуы сынды мәселесін ретке келтіру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келесі жылы жедел жәрдем көліктерін толықтай жаңартылуы жоспарланып отырғандығын айтты.