Түркістанда самбо күресінен ел чемпионаты басталды

0
95

430 спортшы қатысып, боз кілем төрінде тартысты белдесулер өткізуде.


Түркістанда самбо күресінен ел чемпионаты басталды

Түркістанда самбо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында орналасқан «Olympic center» спорт кешенінде спорттық самбодан 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Дүбірлі күрес бәсекесіне еліміздің 20 өңірінен іріктелген 430 спортшы қатысып, боз кілем төрінде тартысты белдесулер өткізуде.


Айта кетейік, елшілік күрес бәсекесінде ұлдар 9 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтаса, қыздар да 9 салмақта белдеседі. «Сен тұр, мен атайын» деген балуандар республикалық сайысқа жоғары дәрежеде дайындалып келген. Ел біріншілігінің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және ҚР Самбо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов, Түркістан облысының «Құрметті азаматы» Рахым Тәңірбергенов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


Рухани өлкеде басталған самбо күресінің негізгі мақсаты – Қазақстан құрамасын жасақтап, сәуір айының 11-21 күндері Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында жоғары дәрежеде өнер көрсету. Сондай-ақ ел біріншілігің тағы бір маңыздылығы осы чемпионатта топ жарған сайыпқырандар қазан айының 3-5 күндері Грузияның Тбилиси қаласында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Бұл туралы жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Мадияр Мананбаев айтып өтті. Түркістан төріндегі балуандар тартысы 5-9 ақпан күндеріне жоспарланған. Самбо күресінен өтіп жатқан жарысты Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан қаласы әкімдігі және Түркістан облысының спорт басқармасы, Облыстық Ә. Нұрмаханов атындағы олимпиадалық спорт мектебі жоғары дәрежеде өткізуде.

Бөлісу