Түркістанда тұңғыш рет халықаралық инвестициялық және туристік форум өтеді

0
1 696

Шараға әлемнің Түркия, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдері қатысатын болады.


Түркістанда тұңғыш рет халықаралық инвестициялық және туристік форум өтеді

Түркістан облысыныңда ағымдағы жылдың 28-ші қыркүйегінде алғаш рет «Ежелгі Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға әлемнің Түркия, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдері қатысатын болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Оңтүстік» баспасөз клубында өткен брифингте мәлімдеді.

Оның сөзінше, тұңғыш рет өткізілгелі отырған халықаралық деңгейдегі шара аймақ экономикасының перспективасы жоғары бағыттарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен қызметтестікті одан әрі кеңейту арқылы өңіріміздің инвестициялық әлеуетін көтереуге бағытталған.

«Форумның негізгі мақсаты – халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жыл сайын өтетін нетворкингке арналған халықаралық алаңын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік инвесторларды тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ, туризм – өңірдің дамуында және инвестиция тартуда ең басты және маңызды бағыттардың бірі екені белгілі. Яғни, инвестицияның басым бөлігі осы перспективалы салаға бағытталатын болады. Нәтижесінде облысымызға келетін туристер саны еселеп артатын болады деген сөз. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде шараға қатысуға шетелдік инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр», – деді Ербол Қуанышұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары өңірдегі ауылшаруашылығы саласына байланысты жылыжай кешендері, қарқынды бақшалар мен агропарктер, сондай-ақ, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп пен инфрақұрылым бағыттарына инвестиция тарту жұмыстары атқарылатынын жеткізді. Әсіресе, инвесторлар өңіріміздегі кен орындары мен өнеркәсіптерді игеру бойынша жаңартылатын энергия жобаларына қызығушылық танытуда. Іс-шараға келетін қонақтардың барлығымен алдын-ала келіссөздер жүргізілген, әр компания инвестициялық жобаларды іске асыруда сәтті тәжірибеге ие және өз саласының көшбасшысы болып табылады.

Форум барысында логистика, туризм және агроөнеркәсіптік кешенге қатысты мәселелер қаралатын болады. Жалпы инвестициялық бағыт бойынша 250 астам қонақтардың келуі күтілуде. Іс-шараның шетелдік қатысушыларының басым бөлігін Еуропалық Одақ компаниялары құрайды. Олардың қатарында жеке инвесторлар, халықаралық трансұлттық компаниялардың өкілдері, инвестициялық қорлар, қыржы институттары мен банк басшылары.

Айта кетейік, 2017 жылы Түркістан қаласына 1,2 млн. турист келсе, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңнан астам шетелдік қонақ болған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға артқан.