32 ұл мен 32 қыз жарыс жолына шығып, өз бақтарын сынап көреді.
Түркістанда үлкен теннистен «ATF 14&UNDER Turkestan G2» турнирі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Рухани шаһарда орналасқан «Теннис орталығында» үлкен теннистен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «ATF 14&Under Turkestan G2» халықаралық турнирінің жалауы көтерілді.
Түркістан қаласында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан теннистен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы «ATF 14&Under Turkestan» халықаралық турниріне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан құрамаларымен қатар еліміздің барлық аймақтарынан іріктелген 64 спортшы қатысып, өзара мықтыларын анықтауда. Нақтырақ айтсақ 32 ұл мен 32 қыз жарыс жолына шығып, өз бақтарын сынап көреді.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсіміне облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова,«Конгресс-холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан, «Түркістан теннис клубының» басшысы Алмас Таушаев қатысып, жарысқа қатысушы спортшыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Азия теннис федерациясының қалдауымен өтіп жатқан жарыста үздік деп танылған спортшылардың рейтингтері көтерілетін болады. Сондай-ақ турнирдің басты мақсаты – спортшылар арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттыру. Бұл жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Түркістан теннис клубы» мұрындық болуда.