Түркістанда «Жас кәсіпкерлер клубы» құрылды

0
506

Жас кәсіпкерлерден құралған.


Түркістанда «Жас кәсіпкерлер клубы» құрылды

Түркістанда «Жас кәсіпкерлер клубы» өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда жас кәсіпкерлерден құралған «Жас кәсіпкерлер клубы» атты ұйым өз жұмысын бастады. Клубтың алғашқы отырысына облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және рухани астананың белсенді кәсіпкерлері қатысты.


Клубтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік бастамасы бар жастармен кездесу, жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау және қолдау, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру. Кеңес мүшелеріне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, алдағы уақытта көтерілетін мәселелердің оңтайлы шешілуіне және кәсіпкерлік саланы барынша дамытуға атсалысуға келісті.


«Өңірімізде 200 000-нан астам кәсіпкер бар болса, соның ішінде 70 000-ға жуығы 35 жасқа толмаған жас кәсіпкерлер. Яғни, кәсіпкерлердің үштен бір бөлігі жастар. Бұл дегеніміз жас кәсіпкерлердің үлесі көп, тиісінше мәселелері мен ұсыныстары да көп болады деген сөз. Осы және өзге де жағдайларды ескере отырып, «Жас кәсіпкерлер клубын» ашуды жөн көрдік», - деді Ербол Асфандиярұлы.


Жиында шаһар басшысының орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Түркі әлемінің туристік астанасы атанған Түркістан қаласының атына лайық болуына кәсіпкерлердің орны мен рөлі айрықша маңызға ие екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлердің еселі еңбегін насихаттау бағытында телеарна мен газет-журналдарға жариялау жұмыстарына да баса көңіл бөлу керектігін атап өтті.