​Түркістанда «Жазғы кітап фест» жобасының қорытынды кеші өтті

0
111

Үш айға жуық уақытқа созылған жобаға 100-ден астам жас оқырман белсенді қатысып, кітап оқып, алған әсерлерімен бөлісті.


​Түркістанда «Жазғы кітап фест» жобасының қорытынды кеші өтті

Түркістанда «Жазғы кітап фест» жобасының қорытынды кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. QULAGER.KZ.

1 қыркүйек – Білім күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Жазғы кітап Фест» жобасының қорытынды кеші өтті.

Үш айға жуық уақытқа созылған жобаға 100-ден астам жас оқырман белсенді қатысып, кітап оқып, алған әсерлерімен бөлісті. Жоба барысында балалардың танымдық қабілеті артып, ізденіс дағдылары қалыптасып, бос уақыттарын пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасалды.

Қорытынды кеште концерттік бағдарлама ұсынылып, балаларға арналған әндер орындалып, түрлі ойындар мен танымдық шаралар ұйымдастырылды. Кеш барысында жаз бойы кітап оқуда белсенділік танытқан жас оқырмандар марапатталды.

Бас жүлде иегері Серік Әминаға «Жазғы кітап Фест жұлдызы» номинациясы беріліп, балалар велосипеді табысталды. І орынды Қалдарбек Ерасыл еншілеп, «Үздік оқырман» номинациясымен марапатталып, велосипедке ие болды. ІІ орынға шыққан Серік Еркебұлан «Үздік оқырман» номинациясымен марапатталып, Halyk Bank тарапынан арнайы бонус картасын және 20 000 теңге көлемінде сыйақы алды. ІІІ орынды иеленген Абдықадыр Зейнеп «Кітаптың ең адал досы» номинациясымен марапатталып, оған оқу құралдары салынған сөмке табысталды. Сонымен қатар жобаға белсенді қатысқан барлық жас оқырмандар арнайы номинациялармен және жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

Жоба аясында балалар «Алтын қорға үлес қос» бастамасына қатысып, үйлерінде оқыған кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты. Бұл игі бастама жас оқырмандардың кітапхана қорын толықтыруға үлес қосып, өздері сүйіп оқыған шығармаларды басқа оқырмандардың да пайдалануына мүмкіндік берді.

Бөлісу