Түркістанда жылына 1000 тонна балық өндіретін кәсіпорын құрылады

0
146

Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл.


Түркістанда жылына 1000 тонна балық өндіретін кәсіпорын құрылады

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен кездесті.

Кездесуде әуежай жанындағы жағажайда заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды. Қала басшысы инвесторлармен бірге жобаның жоспарланған аумағын арнайы аралап, ондағы инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктермен танысты.

Аталған бастамаға өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары — су қоймаларына, 10 гектары — интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары — әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналмақ.
Жоба шеңберінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана салу жоспарлануда.
Аталған жұмыстар толық іске қосылған кезде жылына 1000 тонна балық өндіріліп, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балық өсіріледі деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалуда.
Бөлісу