Түркістан қаласын абаттандыруға және белгіленген секторларға жауапты мамандары қатысты.
Ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласын абаттандыруға арналған жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласын абаттандыруға арналған жиын болып өтті.
Аталмыш шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және жауапты салалық басқарма басшылары мен аудан, қалалардың Түркістан қаласын абаттандыруға және белгіленген секторларға жауапты мамандары қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов облыс әкімі Ө.Шөкеевтің Түркістан қаласын көгалдандыру бойынша тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар өз дәрежесінде атқарылып жатқандығын айтты.
"Біз облыстық Ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып Түркістан қаласындағы 9 мөлтек аудандағы 850 көше бойына егілген ағаш көшеттерінің өсіп шығуы үшін, оларды күтіп-баптау жұмыстарына облыс ақсақалдар алқасы мен жергілікті тұрғындарды тарту мәселесін қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласы 32 секторға бөлінген. Әр аумаққа аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары жауапты ретінде белгіленген. Шаһардағы «Жасыл белдеу» аймағындағы көшеттердің суарылуы басты назардағы мәселе болып отыр. Осы мақсатта сектор аумағында ұңғымалар қазылып, жерасты сулары пайдалануда. Әр секторда 10 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, әр талдың түбіне су жеткізілуде. Кей секторда тамшылатып суару жүйесі жүргізілсе, кей секторлар қажетті суды Арыс-Түркістан каналынан тартуда. Сонымен қатар, көшелерде жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылды. Апта сайын 32 сектор аумағында аудан, ауылдардан келген азаматтардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда. Дегенмен, осынша қыруар жұмыстардың жемісті болып, Түркістан қаласы толықтай жасыл аймаққа айналуы үшін әрбіріміздің үлес қосуымыз аса маңызды.
Ақсақалдар алқасының бұл бастамасы түркістандықтардың тарапынан қолдауға ие болады деп сенемін", - деді Дамир Дәулетұлы.
«Қазіргі таңда, жаңару мен жанданудың даңғыл жолына түскен, Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласын жасыл желекке айналдыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе қала аумағына өңірдің климатына қолайлы түрлі ағаштар егіп, жергілікті тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Облыс орталығын секторларға бөліп, оған аудан, қалалар мен салалық басқармаларды жауапты етіп қою – бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті боларына сенімді ұлғайтады. Алайда, Түркістан қаласына егілген әр ағаштың өсіп, өздігінен жайқалып кететін дәрежеге жеткенше оны күтіп, баптау, уақытылы түбін қопсытып, суару – жауапты жандардан бөлек әрбірімізге жүктелген үлкен міндет болып тұр. Түркістан қаласына Қазақстанның әрбір өңірі, тіпті Түркі елдері қамқорлықпен қарап, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан тұста – біздің жұмыла әрекет етіп, қаланы жасыл желекке айналдыруды басты мақсат етіп алғанымыз жөн деп есептеймін. Осыған байланысты барлық жауапты сала мамандарын, ақсақалдарды, жастар қауымын, жалпы қала тұрғындарын егілген әр ағашқа қамқорлықпен қарап, бірігіп әрекет етуге шақырамын! Бұл- өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз әрі әрбіріміздің күнделікті өмір салтымызды жақсартудың таптырмас жолы деп білемін» деген Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Түркістан қаласын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарын Ақсақалдар тарапынан үнемі назарда ұстайтындығын жеткізді.