​Түркістандық ақ халаттылар бір айлық жалақы көлемінде сыйақы алды

0
2 430

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысының 7 үздіктері мемлекеттік марапатқа ие болды.


​Түркістандық ақ халаттылар бір айлық жалақы көлемінде сыйақы алды

Түркістан облысының 200-ге жуық ақ халаттылары марапатпен қоса бір айлық жалақы көлемінде сыйақы алды. Сонымен қатар, 8 дәрігер мемлекеттік ордендермен марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысының 7 үздіктері мемлекеттік марапатқа ие болды.

Атап айтсақ, Облыстық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Назира Жарқынбекова "Құрмет" орденімен марапатталды. Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова мен Түркістан қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Камагүл Мұсақожаева Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолынан "Ерен еңбегі үшін" медаліне ие болды.

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігер-трансфузиологы Амалбек Белгібаев пен Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Айкүл Ақынғазиева және Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Наушарман Боранбаева, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының дәрігері Бахытжан Күзембаев, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Салтанат Сеитова "Шапағат" медальдарымен марапатталды.

Ел Тәуелсіздігі күніне орай медицина саласының үздіктері Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында бас қосты. Абыройы асқақтаған 200 - ге жуық ақ халаттының 50-ге жуығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан үлкен марапаттарға ие болды.

Облыс медицинасының дамуына зор үлес қосқан дәрігерлерді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев марапаттады.

-Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің медицина саласында елеулі өзгерістер болды. Біз,Түркістан облысының тарихы қаланған шақтың куәсі болдық және өңірді дамытып, еліміздің медицина саласын өрбіту жолында бірлесе еңбек етеміз. Алдымызда үлкен міндеттер тұр, - деген Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев тәуелсіздігіміздің баянды болуын тіледі.

Түркістан облысының медицина саласының майталмандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, Облыс мәслихатының грамоталары мен “Нұр Отан” партиясының Құрмет грамоталары табысталды. Сондай- ақ, 16 ақ халатты “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі” төс белгісімен марапатталса, 17 дәрігер “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төс белгілерін тақты. Жеті ақ халатты “Еңбек ардагері” төс белгісімен марапатталып, сонымен қатар елуге жуық дәрігерге ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етілді. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов “Медициналық - санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Алматы декларациясының 40 жыл” медалімен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Түркістан жоғары медициналық колледжі аса мәртебелі марапатқа ие болды.

Сондай-ақ, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысының Құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Айтулы мереке алдында еленген 200-ге жуық ақ халаттылары марапатпен қоса бір айлық жалақы көлемінде сыйақыларын қоса алды. Алғысқа ие болған дәрігерлер ақ тілектерін білдіріп, шараның соңы медицина қызметкерлеріне арналған концерпен жалғасты.