Түркістандық кітапханашылар Бейжің кітапханасының тәжірибесімен танысты

0
405

Ең байырғы тарихи туынды – осыдан 3 мың жыл бұрын тасбақа қабығына жазылған жазу.


Түркістандық кітапханашылар Бейжің кітапханасының тәжірибесімен танысты

Түркістан облысының мәдениет және туризм саласы өкілдері арнайы Қытай астанасына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылына орай 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Осы бағытта Түркістан облысының мәдениет және туризм саласы өкілдері арнайы Қытай астанасына барған болатын. Соның ішінде облыстық кітапхана басшылығы Қытай Ұлттық кітапханасына арнайы барып, сондағы тәжірибемен танысты.


«Бұл кітапхананың кереметін айтып жеткізу мүмкін емес. Үш қабатта бір мезетте шамамен 500 мыңдай оқырман толып отыр. Бұл бір. Ал екіншіден, мұнда шыбын ызыңы естілетіндей тыныштық орнаған. Үшінші ерекшелігі – оқырманға қызметті пайдалану үшін өте қолайлы жағдай жасалған. Барлығы да автоматты жүйеде. Кітапханадағы әдебиетті таңдап алып, оқырман билетімен кітапты өздері алып кетеді екен. Ол үшін кітап алу терминалдары өте көп орналасқан. Сонымен қатар ұлттық киімімізге қытайлықтар таңданыспен қарап, қайдан келгенімізді сұрап жатты. Қазақстанды біле бермейді. Алайда Димаш пен Головкин арқылы таниды екен. Қытай елі оқитын ұлт екеніне көзіміз жетті. Жалпы оқитын ұлтқа айналу кезек күттірмейтін мәселе. Кітап оқу керек!» - дейді Жанат Шардарбекова.


Кітапхананы Чинг әулеті (1644-1912) 1909-1912 жылдар арасында Бейжің қала орталығына салған. 2004 жылы цифрлық бастама басталып, ондағы мұрағат интернет ортасына көшірілді. Бүгінде қор жыл сайын артып отыр. 2016 жылдың мәліметіне сүйенсек, мұнда 115 тілде материал бар. Ең байырғы тарихи туынды – осыдан 3 мың жыл бұрын тасбақа қабығына жазылған жазу.


Азияның ең үлкен кітапханасы саналатын Қытай Ұлттық кітапханасында 35 миллионнан астам кітап, қолжазба және тарихи коллекция бар. Жыл сайын 5 миллионнан астам оқырман келеді. Әлемнің санаулы руханият ордасы 140 мың шаршы метрлік алаңға салынған. Классикалық туындылар жиналған ғимарат пен оқу залдары бір-бірінен бөлек. Келушілерге ашық бөлімі футуристік сәулет стилімен назар аударады. Ғимараттың ішкі дизайны да қабат-қабат оқу залдары түрінде жобаланған.


Айта кетейік, ҚХР астанасында өткен халықаралық туристік көрмеде өңірдің тарихы, мәдениеті және туристік потенциалы таныстырылды. Ал күні ертең ҚР Қытайдағы Елшілігімен бірлесіп облыстың өнер ұжымдарының қатысуымен «Наурыз Fest» мерекелік концерттік іс-шарасы өтеді.