Түркістандық полицейлер заңсыз жер қойнауын пайдаланған 140-тан аса азаматты анықтады

0
409

Заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау бойынша жұмыстар үздіксіз атқарылуда.


Түркістандық полицейлер заңсыз жер қойнауын пайдаланған 140-тан аса азаматты анықтады

Түркістан облысында полиция заңсыз жер қойнауын пайдаланған 140-тан астам азаматты анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тікелей тапсырмасымен заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау бойынша жұмыстар үздіксіз атқарылуда.


Осы бағытта бүгін полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы жиын өтті. Аталған жиынға полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов, облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Б.Әбдешов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Абдуалиев, Жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Ерғали, басқа да құрылым, департамент басшылары, облысқа қарасты аудан әкімдерінің орынбасарлары, полиция басқарма, бөлімдері бастығының орынбасарлары және карьер иелері қатысты.


Күн тәртібінде «жер қойнауын пайдалану» мәселелері талқыланды.


Қаузалған мәселе аясында бірқатар баяндамалар жасалып, өңірде жер қойнауын пайдаланушылар, құмды-қиыршық тас, құрылысқа арналған саз топырақты заңсыз артып әкетіп жатқандарға көрілетін шара, алдын алу жайттары талқыланды. Ал карьер иелері құрылым басшыларына өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.


«Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау мен халық арасында бұл заң бұзушылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалатыны туралы, оның салдары мен қаупі бойынша арнайы құрылған мобильді топпен әрі қарай да жұмыстар жалғасын табады. Карьер иелері тарапынан айтылған шағымдар ескерілді, осы кемшіліктерді болдырмау бойынша тиісті құрылымдар өздеріңіздің құзыреттеріңізге сай іс-әрекеттерді жоғары деңгейде атқарыңыздар! Нәтижесі менің назарымда болады», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы.


Полиция полковнигі Қ.Сахов өз баяндамасында:


«Полициямен табиғатқа залал келтірушілерді анықтау мақсатында рейдтік жұмыстар тәулік бойы жалғасуда. Жыл басынан бері полициямен 19 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 142 тұрғын анықталып, заңсыздықтың жолы кесілді. 100-ге тарта техника (экскаватор, погрузщик, КАМАЗ т.б. ауыр жүк көліктері) анықталып, айыптұраққа қойылды. 63 әкімшілік іс қозғалып, Экология департаментімен 24 хаттама толтырылды. Полиция тарапынан заң бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстардың жүргізілуі тоқтамайды»-деп мәлімдеді.


Сонымен қатар тұрғындар арасында заңсыз жер қойнауын пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, ал қайталау кезінде пайдаланылған құралдар мен заттар алынатынын түсіндіру бағытындағы шараларды тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп күшейтуді ұсынды.