Өңірде тауарлы балық өсірумен 126 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда.
Экология министрі Түркістан облысындағы балық шаруашылығының жағдайымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ екені белгілі. Бүгінде ауданда қуаттылығы жылына 8700 тоннадан астам балық өнімін өндіруге қауқарлы 5 балық өңдеу зауыты бар. ҚР Үкіметінің «2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту Бағдарламасына» сәйкес, облыста 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру үшін 136 шаруашылық ашу жоспарланған. Түркістан облысына іссапармен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевпен бірге аталмыш ауданға барды.
Алдымен мұздатылған балық, филе өнімдерін өндіретін «ЖК Жалғасбаев» балық өңдеу зауытына барған министр шаруақожалық жұмысымен танысты. 2016 жылы іске қосылған бұл кәсіпорынның аумағы 1,57 гектар жерді құрайды. Кәсіпкер алдағы уақытта ысталған және кептірілген балық түрлерін қосуды жоспарлап отыр. Өнімнің 90% шетелдерге экспортталуда. Атап айтқанда, Еуропа, Ресей, ТМД. Қуаттылығы жылына 1000 тонна құрайтын зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл 9 айда өндірілген өнім көлемі – 500 тонна. «Даму аймақ» бағдарламасы аясында құрал-жабдықтар сатып алынды.
Сапар аясында министр аудандағы «Хамит» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытына аялдады. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне жете қаныққан министр су қоймасында орналасқан торлы шарбақтағы балық өсіру жұмысымен де танысты. «Хамит» АӨК-і балық өндеу зауытының директоры Б.Серманизов министрді зауыттың бүкіл тыныс-тіршілігімен таныстырып, жұмыс өнімділігі мен өнім сапасының едәуір артқандығын айтты. Министр бұл шаруашылықта коопертивтер құру арқылы өнімнің көлемін ұлғайтуға болатынын жеткізді. Кәсіпорын ваккумды, кептірілген, ысталған және тұздалған балық пен филе өнімдерінен жылына 6000 тонна өнім өндіреді. 2006 жылы құрылған өндіріс орнында 250 адамға жұмыс істейді. Шығарылатын өнім экспортқа Еуропа елдеріне бағытталған.
Бұдан кейін Шардара су қоймасындағы өнеркəсіптік балық аулау, шабақтандыру процесімен танысқан соң Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығында болды. 100 млн. теңге инвестиция тартылған өндіріс орны 2019 жылы іске қосылған. Қуаттылығы 300 тонна құрайтын кәсіпорында жайын, тұқы тұқымдас балық өндіріледі. Өнімнің 50 пайызы шетелдерге экспортталуда. 2,3 га аумақты құрайтын өндіріс орнында 5 адам жұмысқа алынған. Сондай-ақ жылына 350 тонна тұқы, бекіре тұқымдас балық өсірілетін «VITA» ЖШС-нің шаруашылығына ат басын тіреп, торлы шарбақта балық өсіру жұмысымен танысты.
Жалпы облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 126 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Биылғы жылдың 9 айдың қорытындысымен 2473 тонна балық өнімдері өңделіп, 1935 тоннасы шет елдерге экспортталды. Биылғы жылға 6640,0 тонна балықөсіру жоспарланып, 9 айдың қорытыныдысымен 4050 тоннаға орындалды. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылып, 68,3 млн. теңгесі игерілді.