20 шәкіртке спорттық киімдер табыстады.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы спортшы балаларға сыйлық жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев бастаған ұжым спортшы балаларға сыйлық жасады. Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт бөлімінің талантты 20 шәкіртіне спорттық киімдер табыстады. Қазақстан спортының жарқын болашағы болар жасөспірімдер кәсіби деңгейде спортпен айналысып, Түркістан облысында велоспорттың дамуына елеулі үлестерін қосады деген сенім мол.
"Өңірімізде жеңіске деген күш-жігерлері мол жастарымыздың қатары көп. Ел спортының кемелді келешегі үшін әрбір жастың жеңістері баршамызды қуаттады. Әрдайым алар асуларың биік болсын. Сыйлығымыз игіліктеріңе жарасын", – деді басқарма басшысы.
Бүгінде мұнда жүздеген бала спортпен айналысуда. Басқосуда басқарма басшысының орынбасары Жазира Мүслимова мақсаттары айқын жас спортшыларға сәттілік тіледі.