Бұл туралы басқарма басшысы Бейсенбай Тәжібаев Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің кітапханасында өткен жиында мәлімдеді.
Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасы аясында «Таңғажайып Түркістан» байқауы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ сайтының Түркістандағы тілшісі.
Өңірдің әлеуетін көтеру мен тарихын насихаттау мақсатында өткізілген басқосуға жоғары оқу орнының оқытушы құрамы, студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
- Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, шаһар жаңа тарихи кезеңге бет алды. Сондықтан өңіріміздің таңғажайып табиғаты мен тарихын бейнелейтін фотосурет түсіріп, әлеуметтік парақшаңызға жүктеңіз. Байқау он екінші желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Шынында журналистика факультетінің студенттері жан-жақты болғаннан соң сіздердің байқауда жеңімпаз атануларыңызға мүмкіндік мол. Өздеріңізге мәлім қалада тың жаңалықтар саны артып, республикалық, облыстық газет, телеарналар, сайт қызметінің меншікті тілшілері, өкілдері қалаға қоныс аудармақ, қоныс аударды да. Жақында «Журналистер клубы» құрылып, студенттердің шығармашылыққа бағыттау, жаңа қырынан ашылуы үшін университет басшылығымен жұмыс жасауға кірісетін боламыз,- деді Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев.
Шарада байқау туралы толыққанды мәлімет алулары үшін жиынға қатысушылар назарына бейнеролик ұсынылды. Байқауға қатысушылар фейсбук әлеуметтік желісінде Түркістан облысынан «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енген 24 нысан жайында пост жариялауы қажет. Әрбір қатысушы кем дегенде 20 жазба жазуы тиіс. Жеңімпаздар комиссия құрамының шешімімен анықталатын болады. Ұсынылған жұмыстардың үздіктері «Түркістан жаршысы» фейсбук тобында ең көп бөліскені (репост), ең көп ұнатылғаны (лайк) арқылы бағаланады. Жүлде қоры 1350000 теңгені құрап отыр.
Келесі кезекте студент жастардың тарапынан сұрақтар қойылып, университеттің «Рухани жаңғыру» бойынша жетекшісі А.Абуов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Э.Батмас өз ісінің маманы болу үшін ерінбей еңбек етуге, аталған байқауда жаңа қырларынан көрінуге болатындығын айтты.
Жиынды университет профессоры, ф.ғ.д. С.Садықов қорытындылап ізденімпаздық пен өз мамандығына деген сүйіспеншіліктің әрқашан жарқын болашаққа жетелейтінін айтып өтті.