Түркияда "Қазақстан - ұлылар Отаны" атты велосаяхат ұйымдастырылады

0
714

Жалпы қашықтық – 2500 шақырымды құрайды.


Түркияда

Түркияда белгілі волонтер Дамир Көшеев "Қазақстан - ұлылар Отаны" атты велосаяхат жасайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған саяхат "Ыстамбұл-Анталья-Анкара-Ыстамбұл" бағытында жүреді. Жалпы қашықтық – 2500 шақырымды құрайды. Жоба – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. «Turan-TV» телеарнасы саяхатты түгел таспаға түсіріп, көрермен назарына ұсынатын болады. Бұл туралы брифингте телеарна директоры Роман Ботабеков мәлімдеді. Волонтер Дамир Көшеев аталған саяхат екі елдің достығы мен бауырластығына арналатындығын жеткізді.


«Түркия – еліміздің егемендігін алғаш мойындаған бауырлас мемлекет. Отыз жыл бойы достық қарым-қатынас жасап келеміз. Түрік ағайындар ұлы ақынымыз Абайға арнап саябақ, ескерткіш орнатты. Бұл ел мен тұлғаларға деген құрмет. Біздің саяхаттың тағы бір мақсаты - туыс елге алғыс білдіру, құрмет көрсету», - деді Дамир Мархабатұлы.


Волонтер Дамир Көшеев бұған дейін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Алматы қаласынан Жидебай ауылына дейін 1200 шақырым жолды 46 күнде жаяу жүріп өткен. Сондай-ақ, Алматыдан Ақтөбе қаласына велосипедпен 2200 шақырым жолды 24 күнде бағындырған.