Жетісай ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 50 жылдық салтанатты шарасы ұйымдастырылды.
Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының алдында драматург Құрманбек Жандарбековтің бюсті ашылды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жетісай ауданындағы қарашаңырақ өнер ордасы – Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 50 жылдық салтанатты шарасына облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев пен Құрманбек Жандарбековтің немере інісі Әбілхайыр Жандарбеков, театр ардагерлері мен театр түлектері, аудан тұрғындары мен барлық аудандардағы мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты.
«Бүгінгі театр өнеріне, атамыз Құрманбек Жандарбековке деген ыстық ықыластарыңыз үшін, атамыздың атын дәріптеп, театр алдына осындай бюст орнатып отырған аудан басшылары мен театр ұжымына деген алғысым шексіз», деді Әбілхайыр Жандарбеков көзіне жас алып.
Бюсттің салтанатты ашылуынан соң қонақтарға облыс және аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.
«40 жылдан бері Қ.Жандарбековтің есімімен аталып келе жатқан театр талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер сахнасына, театр әлеміне қанат қақтырған киелі орда. Біз облыстық мәдениет басқармасымен келісіп отырмыз – алдағы уақытта Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры алдағы уақыттарда шет елдерге шығып, халықаралық фестивальдерге қатысатын болады» деген облыс әкімінің орынбасары театр ұжымына Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің құттықтау хаттарын табыстап, бірқатар театр әртістерін алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, өз тарихында көптеген халықаралық, бүкілодақтық театрлар фестивалінде жақсы нәтижелерге қол жеткізген театрдың саханасында 200-ге тарта қойылым көрерменге жол тартқан.