Аттың қылы салынған матрас ұзаққа шыдайды

0
3 206

Матрастың толықтырғышы қандай болуы керек?


Аттың қылы салынған матрас ұзаққа шыдайды

Матрас ішіне салатын барлық толықтырғыштарды үлкен екі топқа бөлуге болады:табиғи және жасанды. Табиғи толықтырғыштар денсаулыққа өте пайдалы болса, жасандыларының бағасы арзан жүреді.


Қазіргі кездегі ең көп пайдаланылатын толықтырғыштар:


Пенополиуретан

Мұндай толықтырғышты көп ретте серіппесіз матрасқа салады. Пенополиуретан созылмалы және жабысқақ. Мұндай толықтырғышы бар матраста жатқанда жаныңыздағы адамның қозғалғанын сезбей қалуыңыз мүмкін.

Созылмалы – үнемі бастапқы қалпына қайта келеді. Үстінде бір апта жатып тұрсаңыз да 15 секундта қайта қалпына келіп қалады. Пенополиуретан салынған матрас дене пішіні мен салмағына икемделеді. Ортопедтік әсер береді.

Мұндай толықтырғыштың кемшілігі – ол жылуды жай бөледі. Сондықтан жазда мұндай матрастар ыстықтық етеді және сұйықтықты нашар сіңіреді. Егер адам қатты терлесе немесе үстіне сұйықтық төгілсе, ол жердің кебуі ұзаққа созылады.

Бұл нұсқа ыстық және ылғалды аймақтарда тұратындар үшін жарамайды. Құрғақ жерде тұрған матрастар 10 жылға дейін қызмет етеді.


Латекс

Латекс – ең қымбат толықтырғыш. Бағасы латекстің түріне қарай қойылады. Табиғи латекс ең қымбаты, дегенмен соған қарай 10 жылдан артық қызмет етуге шыдайды. Ал синтетикалық латекс арзан тұрғанымен, 5-7 жылға ғана қызмет етеді. Сондай-ақ табиғи және синтетикалық түрлері қосылған аралас латекс те бар. Кейбір аралас латекс матрастарының құрамында табиғи латекс 5 пайыз ғана болады. Алайда бағасы кәдімгі синтетикалық латексті матрастардан қымбат сатылып жатады. Аралас толықтырғышы бар матрас ұзақ шыдас беру үшін толықтырғыштың кем дегенде 20 пайызы табиғи латекс болуы тиіс.

Латексті толықтырғышы бар матрастарда ұсақ тесіктер болады. Бұл матрастың іші жақсы желденіп тұру үшін жасалған. Осының арқасында матрасқа жатқанда ыстықтап терлемейсіз. Пенополиуретан секілді латекс те бірнеше секунд ішінде бастапқы қалпына келе алады. Бірақ пенополиуретан секілді батып кететін әсер болмайды.

Кемшілігі – материалдың ауырлығы. Латекс толықтырғышы бар екі адамдық матрас салмағы 60 пен 80кг аралығында болады.


Кокос талшығы

Матрастардың ішіндегі ең қаттысы. Бұл да табиғи толықтырғыш. Кокос жаңғағының талшықтары тығыздалып, латекспен желімделіп, матрасқа толықтырғыш болады. Тығыздалған материал арзан бағада болғанымен қызмет ету уақыты тым ұзақ емес, шамамен 2-7 жыл арасы. Мұндай толықтырғышы бар матрастар кішкентай балалар үшін жақсы.

Кокос талшығы қатты толықтырғыш болғанымен ортопедиялық әсер береді.


Киіз толықтырғыш

Мұндай толықтырғыш мақта мен жүнді араластырып жасалады. Мақта мен жүн бізге өте жақсы таныс дүние. Таза табиғи, жылуды жақсы ұстайтын мақта мен жүннің қосындысы өте шыдамды, төзімді келеді. Сондықтан оны көп ретте негізгі толықтырғыштың екі бетіне салады.


Аттың қылы

Аты айтып тұрғандай мұндай толықтырғыш аттың жалы немесе құйрық қылынан жасалады. Ол өте қатты, бірақ кокос талшығына қарағанда тығыз келеді. Ұзаққа шыдайды. Аттың қылынан жасалған толықтырғыштан қыста тоңып, жазда ыстықтамайсыз.


Жүн

Мұндай матрастарға көп ретте меринос қойдың жүні салынады. Ылғалды өте жақсы сіңіреді, жылу өткізгіш. Сондықтан қыста жылы, жазда салқын, бағасы да тым қымбат емес. Тек басты кемшілігі – аллергиясы барларға жақпауы мүмкін.


Мақта

Көп ретте жайлылық пен жұмсақтығы үшін қолданылады. Жылуды жақсы ұстайды, ауа еркін айналады. Тек ұзақ қолданған жағдайда түйіршіктеліп қалуы мүмкін.


Матрасты қалай күту керек?

Дұрыс күтім жасау матрастың қызмет ету уақытын ұзартады. Ең алдымен матрас кереуетке толықтай келу керек. Тіпті керекует 1-2 см кіші болса да матрас қысылып, оның құрылымы өзгеріп кетуі мүмікін. Егер кереуеттің шетінде қорғаныш жиектері болмаса, матрастың шамалы асып, түсіп тұрмауын қадағалау керек. Егер ол түсіп тұратын болса, онда ол бастапқы қалпынан өзгереді.

Сондай-ақ матрас үстінде секіруге, жүруге немесе ауыр заттар қоюға болмайды. Серіппелі матрастарды бүктеуге болмайды. Бірақ жылжытып, ауыстырған кезде шамалы иіюге болады.

Матрасты айына бір рет желдетіп тұру керек және жиі-жиі шаңсорғышпен тазартқан дұрыс. 2-3 айда бір рет матрастың басын аяғына ауыстырып тұрған жөн. Ал жарты жылда бір рет асты мен үстін ауыстырып салу ұсынылады. Сол кезде адамның дене қалпын алып қалған жерлер төмен түсіп, матрастың құрылымын өзгертпеуге көмектеседі.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз: Бақшадағы арамшөпті тұзбен кетіруге болады.


Ұқсас материалдар: ҰЙЫҚТАЙ АЛМАЙ жүрсіз бе? Матрасты ауыстырыңыз