Әр үйден табылатын ас тұзы арамшөпке қарсы күшті қарулардың бірі.
Арамшөптер бақшаның сәнін құртып, дақылдардың өсуіне кедергі келтіреді. Оны жұлып, тазарту көп уақыт пен шыдамдылықты керек етеді. Жаз бойы арамшөп мазаңыз бен уақытыңызды алмасын десеңіз, химиялық препараттарды емес, жай ғана қолда бар заттарды-ақ пайдаланып, төмендегі кеңестерді жасап көріңіз.
Ас содасы
Арамшөптен құтылу үшін ас содасын қолдануға болады. Ол үшін 1л жылы суға 5ас қасық сода араластырамыз. Қоспаны жаңа шығып келе жатқан арамшөпке құю керек. Ал өсіп кеткен, түбі қатайып қалған шөптерге бұл қоспа әсер етпейді. Сондай-ақ қоспаны дайындаған соң бірден құйып тастамаса, 2-3 сағаттан соң оның пайдалылығы жоғалады. Қоспаның тиімділігі жоғары болу үшін ыстық ауа-райында азанда кешке бірнеше күн қатарынан шөптерге құямыз. Тек өсімдіктерге тиіп кетпеуін қадағалаңыз.
Сіркесу
Сіркеқышқылы кез-келген химикаттан кем түспегенімен оның жануарлар мен адамға зияны жоқ. Тек сіркеқышқылын бақшадағы өсімдіктердің тамырын бүлдіріп алмау үшін өте мұқият қолданған дұрыс. Сіркеқышқылын пайдаланудың бірнеше жолы бар:
- 9 пайыздық сіркеқышқылын арамшөптерге құю.
- 9 пайыздық сіркеқышқылының 5 ас қасығын 2 ас қасық тұзбен және 1л қайнаған сумен араластырып арамшөпке құямыз. Бұл қоспа бірден әсер етеді.
- Топырақты ұзақ уақыт ашық күйде қалдырмаңыз. Бос жатқан болса тығайтқыш сеуіп тастаған жөн.
- Жыл сайын бақшадағы дақылдардың орнын ауыстырып егу керек. Сол кезде топырақ көшеттер жүйесіне үйреніп үлгере алмайды және барлық қажеттілікті бойында сақтайды.
-Көпжылдық және өміршең арамшөптерді 40 пайыздық сіркеқышқылын 1:1 мөлшерде сумен араластыра сеуіп жоюға болады.
-6 пайыздық сіркеқышқылын 1:1 мөлшермен араластырып 2-3 күнде бір шөптерге сеуіп тұру керек.
Тұз
Әр үйдің асханасында кездесетін ас тұзы арамшөпке қарсы күшті қарулардың бірі. Тұзды тақтай тастар арасынан шыққан және жүйектер арасындағы жолда өскен шөптерге себу керек. Бастысы қажетті өсімдіктерге тиіп кетпеуі қажет. Егер бақшаңыздың жанында қараусыз қалған, шөп басқан аймақ болса, онда шекараға айналдыра тұз сеуіп тастаған дұрыс.
Гербецидті сабын
Бұл сабынды дайындау жолы өте қарапайым. Бұл үшін бірдей мөлшерде сұйық сабын мен 5 немесе 9 пайыздық сіркеқышқылын және тұзды араластыру керек. Сұйық сабынды ыдыс жуатын сұйықтықпен немесе қатты сабынды үккіштен өткізіп алмастыруға болады. Дайын болған қоспаны ыстық күні арамшөптерге шашу керек. Қажетті көкөністереге тиіп кетпес үшін оларды қалың қағазбен немесе кленкамен жауып қоюға болады.
Қайнаған су
Тағы бір қарапайым лайфхак. Суды қайнатып ыстық күйінде арамшөпке құю керек. Қажетті нәтижеге жету үшін амалды бірнеше күн қатарынан қайталаған дұрыс. Жұмыртқа қайнатқан ыстық судың тиімділігі жоғары.
Әлсірету
Арамшөппен механикалық тәсіл арқылы да күресуге болады. Мысалы шығып келе жатқан шөптерді тамырлары әлсірегенше үздіксіз қырқып отыру. Мұндай тәсіл көпжылдық арамшөптер үшін жақсы.
Селитра
Аммиакты селитра – көптеген бағбандардың ұнататын тыңайтқыштарыныңбірі. Селитра тыңайтудан өзге арамшөптен құтылуға да көмектеседі. Ол үшін 10л суға 3кг селитраны араластырып, арамшөпке шашу керек. Селитра топырақ үшін де, адамдар үшін де қауіпсіз. Ол топыраққа терең сіңіп өсімдіктерді қоректендіреді.
Маңызды кеңес:
Арамшөптен құтылу - жарты істің біткені. Толықтай бітіру үшін оның қайта шықпауын қадағалау керек. Ол үшін мына төмендегі кеңестерді жасап көруге болады.
- Бақшаның айналасын қурай секілді шөптерден үнемі тазартып отыру керек. Осының арқасында арамшөптің тұқымы бақшаға тарамайды.
- Мүмкіндік болса бақшаны тамшылатып суғаруға ауыстырған дұрыс. Бұл суды үнемдейді және тек қажетті жерге ғана құйылып, арамшөптің тамырына жетпейді.
Әрине арамшөптен біржола құтылу мүмкін емес, дегенмен бір маусымға шөп шығармауға болады. Оған жоғарыдағы кеңестер көмектеседі деген ойдамыз. Қысқы маусымға жақсылап дайындалатын болсаңыз, көктемде арамшөптер аз болады.
Дайындаған: Э.Базарбаева,
Тағы оқыңыз: ҰЙЫҚТАЙ АЛМАЙ жүрсіз бе? Матрасты ауыстырыңыз.
Ұқсас мақалалар: Жеміс ағаштарын зиянкестер жайласа пияз қабығын пайдаланыңыз.