​Бау-бақшаны басқан құмырсқадан ӨСІМДІК МАЙЫ құтқарады

0
16 044

Құмырсқа мен бітеден құтылудың жолдарын білесіз бе?


​Бау-бақшаны басқан құмырсқадан  ӨСІМДІК МАЙЫ құтқарады

Ауласында гүл өсіріп бау-бақша егуге құмар жандар жеткілікті. Егіс алқабы болмаса да, есігінің алдына кішігірім жеміс-жидегі мен көкөнісін, гүлдерін еккен жан ондағы өсіп тұрған әрбір өскін үшін барын салатыны анық. Алайда осы мәпелеп өсіріп жатқан бау-бақшаны құрт, құмырсқа қаптаса есіл еңбектің еш кеткені.


Бау-бақша үшін ең қауіпті зиянкестердің бірі – құмырсқа және біте. Бұл жәндіктер ең тәтті жемістерді, дақылдарды, тіпті сәндік гүлдерді де зақымдайды.


Құмырсқа мен біте көп ретте бір жерден табылатындықтан олармен күресудің жолдары да бірдей. Бұл жәндіктердің бірнеше түрлері бар және солардың барлығы да өсімдіктер үшін қауіпті. Оның үстіне олар өте жылдам көбейеді. Ендеше құмырсқа мен бітеден оңай әрі шығынсыз құтылудыңбірнеше жолын төменнен біле аласыздар.


Арнайы химиялық заттардың көмегі

Құмырсқа мен бітені жоюға арналған жиі қолданылатын арнайы химиялық дәрі-дәрмектер бар. Олар - «Фуфанон», «Муравьед», «Мурацид», «Гром-2». Бұл дәрілерді өзіндегі нұсқаулық бойынша пайдалана беруге болады.

Алайда көкөністер түйіндеп қалғаннан кейін химиялық дәрілерді қолданбаған жөн. Себебі дәрінің әсері көкөністерде кемі 20 -30 күнге дейін сақталады. Бұл уақытта жемістердің алды пісіп жеуге жарап қалатын болса, оны пайдалану зиянды болмақ. Сондықтан химиялық дәрілерді жаңа өсіп, енді гүлдеген көкөністерге қолданған дұрыс.


Халықтық әдіс-тәсілдер


Қарамайлы сабын (дегтярное мыло) және қайың майы (березовый деготь)

Қайың майы дәріханаларда сатылады. Қарамайлы сабынның 1 данасын 10л суға ерітіп, үстіне қайың майын құйып араластыру қажет. Арнайы бүріккіштің немесе сыпырғының көмегімен құмырсқа, біте басқан өсімдіктерге сеуіп шығу керек. Қарамайлы сабын зақымданған өсімдіктердің қалпына келу белсенділігін арттырады, ал қайың майының өткір иісі зиянкестердің жойылуына әсер етеді.

Кока-кола сусыны немесе спиртті ішімдік

Спиртті ішімдіктің ең арзанын алып бүріккішке құйып өсімдіктерге сеуіп шығу керек. Спирттің өткір иісі зиянкестердің жылдам жойылуына әсер етеді. Мұның өсімдіктерге ешқандай зияны жоқ.

Кока-кола сусынын да осы жолмен пайдалануға болады. Оның да тиімділігі жоғары.


Кір сабын - жақсы көмекші

Кір сабынның 1 данасын 10л суға ерітіп, өсімдіктерге түгелдей түбіне дейін сеуіп шығу керек.


Кальций қосылған сода және кір сабын

10 л суға 1 ас қасық толы сода және 40 гр кір сабынды араластыру қажет. Дайын болған қоспаны өсімдіктерге бүркіп, сеуіп шығу керек.


Ағаш күлінің көмегі көп

5 л ыдысқа 300гр ағаш күлін салып, үстінен қайнаған ыстық су құю құйылады. Үстіне 40гр кір сабын немесе сұйық кірсабын салып араластырылады. Суыған соң сүзіп қажетті жерге сеуіп шығу керек. Бұл қоспаны аптасына 1 рет зиянкестер кеткенше пайдалана беруге болады.


Мүсәтір спирті - бітенің жауы

10л суға 1 ас қасық мүсәтір спиртін араластырып пайдалану керек.


Ащы қызыл бұрыш және кір сабын

1кг ащы қызыл бұрышты 10л суға бетін жауып 15 минут қайнату қажет. Қайнатқан соң 2 тәулік беті жабық күйінде қараңғы жерде тұру керек. Уақыт өткен соң үстіне 40гр кір сабын езіп немесе сұйық кір сабынды қосып, араластырып, өсімдіктердің түбіне сеуіп шығу керек. Артылған қоспаны беті жабық ыдыста, қараңғы жерде жаз бойы сақтап пайдалана беруге болады.


Бүргеге арналған сусабын

Мұндай сусабынды дәріхана мен арнайы дүкендерден алуға болады. 10 л суға 3 ас қасық сусабынды араластырып, қажетті жерге шашу немесе бүрку қажет.


Сұйық жасыл сабын гүлдерге жақсы көмектеседі

Бұл сабынды гүлдердің зиянкестері үшін пайдалану ұсынылады. Гүлдерді бітеден құтқару үшін сұйық жасыл сабынды бүркіп шығу керек.


Майлы шекара жасауға болады

Өсімдік майының кез келген түрімен құмырсқа басқан жеміс ағаштарының діңін белбеу секілді майлап қою керек немесе майға батырылған шүберекті айналдыра байлап қойған дұрыс. Бұл үшін машина моторының қолданылған майы да жарайды.


Жаңғақ жапырақтары құмырсқалардан құтқарады

Құмырсқа басқан көкөністердің айналасындағы илеуіне, жүретін жолдарына жаңғақ ағашының жапырақтарын тастау керек. Құмырсқалар өз ұясын тастап басқа жаққа ауып кетеді.


Біле жүріңіз: Өсімдіктерге бітені құмырсқалар тасиды. Сондықтан құмырсқа келген жерде біте пайда болады. Егер құмырсқаның жолы кесілсе, біте де жоғалып кетеді. Құмырсқаның ұясын ыстық су құйып, немесе ыстық күл тастап құртып жіберуге немесе ас содасын сеуіп тастауға да болады.


Оқи отырыңыз: Қазанды жарқыратып тазалау үшін ЕКІ-ақ нәрсе қажет

Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ