Ал қараған мен акация (ақ гүлді, хош иісті ағаш) өсірген шаңырақтың ұрпағы көп болады екен.
иллюстрациялық фото
Тек жеміс ағаштары ғана емес, үй алдына егілетін сәндік және жеміс бермейтін талдардың да адамға тигізер пайдасы көп. Олардың жағымды энергетикасы адамның көңіл күйін көтеріп жанға жайлылық сыйлайды, ал кейбір ағаш түрлері айналасындағы жағымды энергетиканы толықтай өзіне тартып алады. Сондықтан ондай ағаштарды қандай сәнді, әдемі болса да есік алдына егуге болмайды. Әрине мұндай жағдайға сенім білдіру қиын, бірақ жағымсыз әсер беретіен ағаштардың барлығы тамыры жайылып кететін, яғни есік алдына, үй жанына еккен жағдайда іргетасты көтеріп кететін талдар. Ендеше сәндік ағаштардың қайсысын үйге жақын, қайсысын алысырақ егу қажет екені жөнінде азғана кеңес.
Қараған, акация (ақ гүлді, хош иісті ағаш) – бұл ағаш үйге бала шақырады деген ырым бар, ол өсіп тұрған шаңырақтың ұрпағы көп болады екен.
Сондай-ақ ағаш өзінен жағымды энергетика бөлгендіктен, саясында отырған жанның шаршағаны басылып, көңіл-күйі көтеріледі деседі.
Акация ағашы аса бір күтімді қажет етпейді. Көктемде көшетін жер жылынған соң егу қажет. Бұл ағаштың айналасына түйнек, пиязшық тамыры бар гүлдерді егуге болмайды, ал өзге көпжылдық, біржылдық гүлдердің барлығы өсе береді. Акация ағашының көптеген түрлері бар, оның кейбірі 24 метр биіктікке дейін өседі және ол тез өсіп, ұзақ жасамайды. Оның үстіне акация ағашы өте нәзік, тез сынғыш болып келеді. Шамалы желге бұталары сынып кетуі мүмкін. Сондықтан ағаш егер алдында сұрыпын таңдауда мұқият болу керек және өте биік етіп өсірудің қажеті жоқ.
Шырша (ель) – сәндік үшін өте көп өсірілетін ағаштардың бірі
Бірақ көп ретте жеке үйлерге емес, көшелерге егіліп жатады. Себебі шырша айналадағы күш-қуатты, жағымды энергетиканы өзіне тартып, жұтушы болып саналады. Алайда шырша көктем, жаз бойы бүкіл энергетиканы өзіне тартып, қысқы мезгілде онымен бөліседі. Шырша ағашы үйді ұрыс-керіс, жағымсыз әсерден сақтайды деген сенім бар. Бірақ оны есік алдына егуге болмайды. Себебі оның жуан, тереңге кеткен тамырының үйді қопаруға шамасы бар. Сондықтан шыршаны қоршау сыртына еккен жөн.
Шыршаны дәнінен емес, тамырлаған көшеттен отырғызу уақытты үнемдейді. Шырша ағашы – аса күтім қажет етпейді. Бірақ күнделікті суғару керек, қатты ыстық ауа-райында күніне 4 мезгіл суғаруға тура келеді және түбін жиі қопсытып тұру керек. Сондай-ақ ағаштың үстінен су шашып, аптасына бір рет жуындырып тұрған дұрыс.
Қайың – наным-сенім бойынша өте қуатты қорғаушы күші бар ағаш
Бірақ сөйте тұра оның қоршаудың сыртында өскені жөн. Оның негізгі себебі ағаштың биік болып өсіп, тамырларының жайылып, іргетасқа зиян келтіретінінде болса керек. Қазіргі кезде сән үшін үй алдында қайың өсіретіндер жиі кездеседі.
Қайың ағашы күтімді көп қажет ете қоймайды. Ерте көктемде ауа-райы +10 градус шамасында кезде егу қажет, топырақ таңдамайды. Тек 2-3 қайың егетін кезде ара ашықтығын 4 метрден кем қылмаған дұрыс. Сондай-ақ қайыңның айналасы 3 метр радиуста ешқандай гүл, бұта, бақша дақылдарын егуге болмайды. Қайыңның тамыры ылғалды жақсы тартатындықтан олар судың жетіспеуінен өліп, қурап қалады.
Терек (тополь) – адамды жағымсыз энергетикадан арылтады
Бірақ бұл ағашты да үйден алыс, бақшаның аяғына немесе қоршау сыртына отырғызған дұрыс. Оның да тамыры үй іргесіне зиянын тигізуі мүмкін және оның тамыры мықты болғанымен өзі сынғыш келеді. Сондай-ақ көктемнің соңында теректің гүлдеу уақыты басталады, ал бұл аллергия тудыруы мүмкін.
Терек еккенде тек орын дұрыс таңдалса болғаны. Ол жарықты жақсы көреді. Жас көшет болса да егетін шұңқырдың тереңдігін 1 метр етіп қазу керек. Алғашқы жылы теректі аптасына 1 рет суғарып тұру қажет. Бір ағашқа кем дегенде 2,5 шелек су құйылады, ал күн ысыған кезде құятын су көлемі көбейіп, уақыты жиілейді.
Қазіргі кезде жер көлемі, көп адамға, көп ағаш егуге кедергі. Сондықтан біз тек ең көп егілетін ағаштар туралы мәлімет жинадық. Ал оларды көшеттен өсіру, күтіп-баптау жолдары бір біріне ұқсас, аса бір ерекшелігі жоқ. Кеңесіміз қажеттеріңізге жарасын!
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Ұқсас мақалалар: