Артық салмақтан арылу жолын жұлдыз белгіңізден іздеңіз

0
2 221


Артық салмақтан арылу жолын жұлдыз белгіңізден іздеңіз

фото: Sueveriya.ru

Бүгінгі таңда арықтағысы келетін адам да көп, арықтатуға «уәде беретін» амал да көп: түрлі емдәмдер, спорт, «сыйқырлы» сусындар мен коктейльдер... Тізе берсек, түгесу қиын. Алайда, артық салмақпен күресіп жүргендер біледі – бір адамда жақсы нәтиже берген әдіс екінші біреуге мүлдем әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан, нақ өзіңізге сәйкес келетін жолды анықтап, сонымен жүру маңызды. Сонда ғана көздеген межеге жете аласыз. Бірақ, өз «амалыңызды» табу үшін ұзақ жол жүруге, яғни, көп нәрсені байқап көруге тура келеді. Бұл көп уақытты алады. Бақытқа орай, астрологтар бұл жолды да, уақытты да қысқарта алады екен. Яғни, жұлдыз белгілерінің қайсысына қандай арықтау амалының тура келетінін болжап береді.


Тоқты

Белсенді де энергияға толы белгі иелері спортқа өте жақын. Теледидар алдында жатқаннан көрі, қимыл-қозғалыста болғанды құп көреді. Әдетте, мұндай белсенділікпен артық салмақ жинау мүмкін емес сияқты көрінеді. Алайда, Тоқтылардың сымбатын бұзатын себеп жоқ емес. Ол – негізгі тамақтану арасында калориясы жоғары жүрекжалғарды көп тұтыну. Сондықтан, арықтағысы келсе, бірінші кезекте дұрыс жүрекжалғау жолдарын меңгергені абзал. Қуырылған тағамдарды тұтынбай, ақуызды емдәм ұстанып, көкөністерді буға пісіріп жесе, артық деп тапқан салмағынан тез арылады. Сондай-ақ, күш жұмсауды қажет ететін спорт түрлері, массаж бен монша да көп көмегін тигізеді.


Торпақ

Олар тамақ талғағыш, ең тәтті-дәмділерді жегенді жақсы көреді. Сол себептен де салмақтың жоғарылауы жиі мазалайды. Артық келілерден арылғысы келсе, майлы тамақ пен тәтті пісірмелерді шектеуі керек. Ас мәзірінде ақуыздар мен көмірсуларды бөлек-бөлек тұтыну режимін ұстанғаны абзал. Яғни, бірнеше күн қатарынан ақуызды, тағы бірнеше күн бойы көмірсулы азық-түліктерді тұтынады. Физикалық белсенділік үшін гимнастика, йога және жүзумен айналысқаны абзал.


Егіздер

Олардың ең осал тұсы – стресске, күйзеліске берілгіштігі. Көңіл-күйдің болмауы адамды артық тамақтануға жетелейтіні белгілі. Күйзеліске түскендер тәтті мен фастфудқа көп жүгінеді. Салдарынан салауатты өмір салтынан алшақтап, ағзада май мен зиянды заттар жиналып, денесі ауыр тартады. Осы жағдайды болдырмау үшін Егіздерге ең алдымен көңіл-күйдің көтеріңкі болуын қадағалау керек. Сабыр мен шыдамды қару етіп, кез келген келеңсіздікке қарсы тұрып, күйзеліске бой бермеуді үйрену қажет. Ақуызды тағамдарды молынан тұтынған жөн. Жүйкесін тыныштандырып, артық салмақтан арылуға көмектесетін бірден-бір жол осы. Қабатына жүгіру, кардиотренажер, велосипед, би және доппен ойналатын ойындарды қосса, артық салмақ сарсаңға салмайды.


Шаян

Шаяндардың басты мәселесі – бұлшықет тонусының босаңсуы. Белгі иелері спортпен аса дос емес, сондықтан физикалық қуаты қашан да төмен. Артық салмақ мәселесі туындай қалса, бірінші кезекте ас мәзірін емес, қимыл-қозғалысты қолға алып, көбейтуге тырысу керек. Өзін тәртіпке бағынуға тәрбиелеп, спортзалға, алаңға барып ұнамды спорт түрін іздеген жөн. Мәнерлеп сырғанау, жүзу немесе йога – осылардың бірі көңіліне жағатыны анық.


Арыстан

«Атына заты сай» белгі иелері етті жақсы көреді және шамадан тыс тұтынады. Салмағын қалыпқа келтіру үшін ас мәзірінде ет мөлшерін азайтып, көкөністер мен жемістерге басымдық беруі керек. Алма, лимон, қияр, сәбіз және түрлі аскөктерге дастарханнан күнделікті орын берген жөн. Қозғалыс белсенділігін арттыру үшін би, мәнерлеп сырғанау, культуризм (бұлшықеттерді өсіретін спорт түрлері) сынды спорт түрлерімен айналысса, шатаспайды.


Бикеш

Бикештерге ең алдымен мәзірден майлы тағамдар, тәтті пісірме, газдалған және тәтті сусындарды алып тастау керек. Олардың орнына табиғи йогурт, майсыз ет пен көкөністер мөлшерін арттырыңыз. Белгі иелерінің басқа қасиеттері бір төбе, ұқыптылығы бір төбе екені белгілі. Сол себептен суға секіру, көздеп ату, семсерлесу сынды дәлдікті қажет ететін спорт түрлерімен айналысса, өзіне ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізетін спортшы болуы мүмкін.


Таразы

Бұл белгі иелеріне артық салмақпен күресу үшін бірінші кезекте ащы және тұздалған тағамдардан бас тарту қажет. Мәзірге қасқыржем, жүгері, сәбіз, қызылша және ақталмаған күріш қосыңыз. Бұл азық-түліктер құрамында тұз бар, сондықтан олардан дайындалған асқа тұз қосудың қажеті жоқ. Спортқа келсек, атпен салт жүріс, ушу және басқа да жекпе-жек түрлерімен айналысқаны дұрыс.


Сарышаян

Артық салмақтан арылғысы келетін Сарышаяндар рациондағы майлы ет, кілегей, басқа да сүт тағамдарын балық, теңіз өнімдері және жаңғақпен алмастырғаны абзал. Мұндай өзгеріс оларды арықтатып қана қоймай, ағзасын пайдалы майлар мен ақуызбен байытып, сауықтырады. Физикалық белсенділікті арттыруға дайвинг, желкенді спорт, экстремалды туризм көмектеседі. Осы спорт түрлерін серік етсе, арықтау да, жағымды эмоциялар да міндетті түрде орын алады.


Оқи отырыңыз:

Блогер болу қолыңыздан келе ме?


Мерген

Мергендердің бас қойып жейтін дәмі – қуырылған және майлы тағамдар. Қанша жақсы көрсе де, артық салмақтан арылғысы келсе, мұндай астардан бас тартуға тура келеді. Қолынан келсе, екі жақсы пайдасын көреді – арықтау және бауыр мен өт қабының сауығуы. Аталған зиянды тағамдардың орнына жұмыртқа, бауыр, бидай өскіндері, бұршақ тұқымдастарды көбірек тұтынған әлдеқайда пайдалы. Спорт түрлерінен Мергендерге лайығы – тауға шығу және командалық ойындар.


Тауешкі

Шоколад пен алкогольді жақсы көретін Тауешкілерге артық салмақ та дәл осылармен еріп келеді. Аталғандардың екеуі де жоғары калориялы, онымен қоймай, зиянды болып келеді. Сондықтан, азайту былай тұрсын, мүлдем шектеген абзал. Есесіне, рационға жасыл түсті көкөністер: орамжапырақ, асжапырақ, балдыркөк қосу ең дұрыс шешім болар еді. Бұл көкөністер денесіне артық май жиналғанын қаламайтын Тауешкілердің көңілінен шығарына сенім мол. Ал, дене белсенділігіне келсек, спорттың қай түрі болмасын айын оңынан туғызады.


Суқұйғыш

Бір орында отыра бергенді суқаны сүймейтін Суқұйғыштар үшін туризм, тау-шаңғы және велосипед спортынан артық спорт жоқ. Осылардың бірін өмірлік серік етіп, ас мәзіріне ананас, цитрусты жемістер, алма мен жүзімді молырақ қосса, белгі иелерін артық салмақ айналып өтетін болады.


Балықтар

Балықтардың басты мәселесі – ішкен су мөлшерінің көп бөлігінің тиісінше шығарылмай, ағзасында іркіліп қалып қоюы. Ал оған себеп болатын – ащы және тұздалған ас түрлерін көп тұтыну. Аталған мәселені жеңу үшін алдымен осы ащы мен тұздыға деген махаббатын жеңуі керек. Бұл жолда оған грек жаңғағы, анар, балық, кепкен жемістер көмектесе алады. Су спортының барлық түрі Балықтарды жетістікке жетелейді.

Аударған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ