Дәл қазір банк картаңызды қолға алып, сандарына көз салыңызшы.
Фото: stolica-s.su
Әр адамның өмірі сандармен тығыз байланысты. Әр санда тағдырға әсер ететін тылсым күш бар. Сондықтан, өзіңізді қоршаған сандарға сақтықпен қарап, әрбірінің сырын білуге ұмтылыңыз.
Мәселен, бір ғана банк картасын алайық. Ондағы 16 саннан тұратын қатардың өзі жай нөмір емес. Ол – ақшамен араңыздағы алтын көпірді не жалғайтын, не үзетін тылсым. Қолыңыздағы картаға жайғасқан сиқырлы сан сізге ақша шақыра ма әлде қашыра ма? Оны білу үшін карта сыртына көз салыңыз.
Картадағы 16 цифрдың әрқайсының арасына + белгісін қойып, қосындысын есептеңіз. Мәселен,
1+2+3+4+5+6+7+8+1+2+3+4+5+6+7+8 = 72 = 7+2 = 9
Осы мысалда көрсетілгендей, шыққан екі таңбалы мәннің әр санын тағы да бір-біріне қосу арқылы бір ғана таңбалы сан қалдырасыз.
Келесі қадам – өте оңай. Нумерологтар Сіз бен біз үшін әр санның тылсым күшін талдап, құпиясын ашып қойған. Төменнен өз есептеуіңіз бойынша шыққан санды тауып оқысаңыз болғаны.
1- Есептеу нәтижесінде 1 саны шығатын болса, бұл карта сізге молшылық әкеледі, материалдық жағдайыңызды жақсартады. Тек ол үшін бір ережені сақтасаңыз болғаны: бұл картамен құны үлкен соманы құрайтын заттар төлемін жасап, жеңілдіктерге қол жеткізу немесе бонус есебінде төлемнің бір бөлшегінің картаға қайта түсуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, бұл карта ақшаның аз да болса жиі түсіп тұрғанын қалайды. Сондықтан, бұл картаны ақша аударымдары мен қомақты зат сатып алуда қолданған абзал.
2- Өкінішті, алайда, сіздің банк картаңыз сәттілік те, ақша да әкелмейді. Нумерология бойынша, екі саны тұрақтылық пен өсуді емес, үздіксіз қозғалысты білдіреді. Сол себепті бұл картада ақша жинау мүмкін емес. Оған қаржы қиын жолмен түседі, жеңіл жолмен кетеді. Сондықтан, онда ақшаңыз болса тез арада шешіп алып не басқа шотқа аударып қойған дұрыс. Картада азын-аулақ қана қалдырып, күнделікті шығындарды өтеу мен ұсақ-түйек төлемдер үшін қолдануға болады.
3- Бұл сан табысы жан-жақты кіріс көздерінен келіп тұратын жандар үшін сәтті де берекелі. Аз-аздан болса да жиі түсіп тұратын толықтырулар иесінің қаржылық энергетикасын жаңартып, жандандыра түседі. Осылайша картаңыздағы сандар қатары ақшамен араңыздағы тартылыс күшін арттырады.
4- Сандарының қосынды мәні төртке тең болатын карта – нағыз қор жинауға болатын алтын сандық. Маңызды жағдайға, бағалы бұйымға, болашаққа деп жинаған қаражатты осында сақтаңыз. Сенімді, тұрақты. Бірақ байқаңыз, бұл картадан жиі ақша жұмсау оның кармасын бұзады. Сондықтан, тиіспеуге тырысыңыз, алуға мәжбүр болсаңыз, орнын қайта толтыруға асығыңыз.
5- Бұл карта саяхатқа аттанғанда сенімді серігіңізге айналады. Себебі, онда жиналған ақшаны көңіл көтеру, демалу үшін жұмсасаңыз, орны тез оңалады. Ол аз десеңіз, ырыс-несібеңіздің артуына ықпалы бар. Алайда, ақшаңызды болашаққа сақтау, басқа жағдайлар үшін жинау ойыңызда болса, ол үшін бұл картаны пайдаланбаған жөн.
6- Нөмірінің жалпы қосындысы алты болатын карта аз-маз ақша салып қойып, күнделікті шығындарды өтеу үшін қолдануға қолайлы. Нумерологтар онда қомақты қаражатты сақтамауға кеңес береді. Сақтаған жағдайда, әр тиынын есеппен жұмсайтын үнемшіл болмасаңыз, ірі көлемді сатып алуларға жиі ұрындырып, артық шығынға ұшыратады.
7- Жетілік – бюджетті сауатты да тиімді жұмсауға, ақша жинауға көмектесетін сан. Алайда, қосынды нәтижесінде жетілік шығатын карта көлемді ақша ұстап үйренбеген жандарды жатсынады. Ал, жауапты, қаржылық сауаты бар, есепке жүйрік адамның қолына түссе, табысын арттырып, қаржы ағынының астында қалдырады.
8- Жалпы қорытындысы сегізге тура келетін банк картасын айлық табысты түсіруге қолданған дұрыс. Сегіз санының шексіздік белгісімен де байланысы бар. Сондықтан, жинақ картасы ретінде қолданса да, ұтымды болмақ. Картаның сәттілігі кері айналып, қаржылық энергетикасы әлсіреп қалмауы үшін кіріс жан-жақтан келіп тұрғаны абзал.
9 - Нумерология ғылымында тоғыз саны тұрақтылық пен дәл уақытында деген ұғымдарымен байланыстырылады. Сол себепті қосынды саны тоғыз болатын картада қаржылық операциялардың кешігуі орын алмайды. Айлық жалақы, еңбекақы, әлеуметтік және басқа да тұрақты төлемдерді, кіріс ақшаларды осы картаға түсетін етіп қойған жақсы. Алайда, жеке кәсіпке байланысты қаржылық операциялар мен қайтарылған қарыздардың ақшасын бұл картамен өткізбеген дұрыс.
Міне, сандар әлемінің тылсымын зерттеп-зерделейтін ғылым мен ғалымдар осылай дейді. Егер өз банктік картаңыздың санына сәйкес тұжырым көңіліңізден шықпаса, сізде екі жол бар. Бірі – көңілге қатты алмау, екіншісі – банктік картаңызды ауыстыру. Шешім өзіңізде.
Аударған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: