Ер-азаматтың сізге ашпай жүрген сырын білгіңіз келсе, жұлдызнамасына үңіле қойыңыз.
Әркімнің-ақ ешкімге ашқысы келмейтін құпиясы, жария еткісі келмес жұмбағы бар. Ол мінезге де, іс-әрекет не оқиғаларға да қатысты. Әсіресе, ер жігіттер қауымының қыз-келіншектерге ашылуы қиын.
Ер-азаматтың сізге ашпай жүрген сырын білгіңіз келсе, әуелі өзінен сұраңыз. Айтпаса, ақырын жұлдызнамасына үңіле қойыңыз.
Тоқты
Сырт көзге өзіне сенімді, тәуелсіз тұлға болып көрінеді. Себебі, өзін солай көрсетуге барынша тырысады. Әйткенмен, ішінде аздаған сенімсіздік, «қателік жасап қоямын-ау» деген қорқыныш жоқ емес. Осы қорқынышын шебер жасыра біледі. Сондай-ақ, алда-жалда бір қатеге ұрына қалса да, оны ешкімнің білмеуі үшін барынша бүркемелеп бағады.
Торпақ
Сырттай батыл көрінгенімен, ішінде үлкен қорқынышы бар. Ол өткенінде болған жайттар, жеке өмірінің жай-жапсарымен байланысты. Айталық, екінші жартысының өзінің өткен өмірі жайлы, қызметтестерінің отбасы, жұбайымен қарым-қатынасы жайлы білгенін мүлдем қаламайды.
Егіздер
Сырттай емен-жарқын, ашық адам болып көрінеді. Бірақ бұл оның шынайы болмысы емес, актерлік шеберлік арқасында қалыптастырған бейнесі ғана. Әртістік қабілет оларға табиғаттан берілген. Соның арқасында қызығушылықтарын, сезімдерін шебер жасыра алады. Әсіресе, орынсыз, әдепке сай келмейтін қызығушылықтарының әшкере болуынан қатты қорқады.
Шаян
Олар – ең құпия, жасырын жандар. «Көпшілікке барыңды ашып, сырыңды шаша беруге болмайды» деген ұстаным бала кезінен бар. Есейе келе де болашақта зияны тиюі, сөз келтіруі мүмкін деген жайттың бәрін жасырын ұстайды. Әсіресе, жеке өмір мен қаржылық жағдайы үлкен құпия. Сондай-ақ, көпшіліктің өзін екінің бірінің қолы жете бермейтін, алынбас берік қамал деп қабылдауы үшін сезімдерін де көрсете бермейді.
Арыстан
Оны бәрі өзіне сенімді, еш кемшілігі жоқ, мінсіз тұлға деп ойлайды. Алайда, Арыстанның да бойында өзі ғана білетін кемшіліктер мен комплекстер баршылық. Бір-екеуін айтар болсақ: өзгелердің көңіл аударуына, мақтауына үнемі зәру және көпшіліктің көзіне кемшілігі бар пенде болып көрінуден қорқады. Тек оны асқан шеберлікпен жасырып-жаба біледі.
Бикеш
Бикеш жігіттер жоспарын жария етуден барынша қашқақтайды. Тіпті, отбасына қатысты жоспарын отбасымен, жұмысқа қатыстысын әріптестерімен бөліспейді. Сырттай қарасаң, ештеңеге ұмтылмайтын, мақсаты жоқ кісі сияқты көрінеді. Алайда, бір көздегені бар екенін үндемей жүріп жетіп жатқан жетістіктерінен ғана білуге болады.
Таразы
Олардың шешім қабылдауға шорқақ екенін, сын сағаты туғанда батылдық таныта алмайтынын бәрі біледі. Алайда, оның солай қалыптасуына негіз болған түпкі себебі – үлкен сыр. Себебі, басынан өткен қиын жайттарды жасырып ұстайды. Біреуге ашылып айтса, өзін қорғансыз әрі жалғыз қалатындай сезінеді.
Сарышаян
Жаны да, жүрегі де, ойы мен іс-әрекеті – бәрі жұмбақ. Дәл қазір ойында не бар екенін ең жақсы психолог та, шын не жалған сөйлеп отырғанын «Жалғандық детекторы» аппараты да анықтай алмайды. Сондай-ақ, сүйген адамына да сезімін барынша білдірмеуге тырысады. Өзі мойындағысы келмейтін әрі көрсете бермейтін тағы бір міні – қызғаншақтығы.
Мерген
Белгі иелері ашықтық пен бостандықты жақсы көреді. Сондықтан ешкімнен ештеңе жасырмауға, барынша ашық болуға тырысады. Алайда, астрологтар олардың құпия қызығушылықтары бар екенін айтады. Бұл – сиқырға, тылсым күштерге сенетіндігі және кейде оларға жүгінетіндігі.
Тауешкі
Бағындырғысы келетін биігі, қол жеткізуге ұмтылатын мақсаты көп. Өмірден өз орнын табуға, қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдеуге барын салады. Осы мақсатта жетістіктерін жария етіп, мақтан тұтып жүреді. Алайда, қаржылық жағдайы қаншалықты жақсы не жаман екенін бәрінен жасырып бағады.
Суқұйғыш
Суқұйғыштың өз әлемі бар, сонда жеке-дара өмір сүреді. Басқалар қандай күйде – бұл оны қызықтырмайды. Әйткенмен, осынысын білдірмеуге тырысады. Сол жолда әлеуметтік өмірге белсене араласып, қоғамның әр мәселесіне үн қосуды өзіне міндет санайды. Бұл нәрселер оны іштей қатты толғандырмауы да мүмкін. Бірақ Суқұйғыш мұны сынақ, ойын іспетті қабылдап, үдесінен шығуға барын салады.
Балықтар
Белгі иелері үшін өзгелердің өзі жайлы не ойлайтыны маңызды. Сондықтан, бойындағы кемшіліктері мен болмыстағы жаман қасиеттерін жасырады. Мәселен, Балықтардың аздаған жалқаулығы бар, бірақ онысын білдірмей, барынша еңбекқор ретінде танылуға тырысады. Ақылды болып көрінгісі келетіні де бар.
Аударған: А.Мейірханқызы,