Оны тек әйелдерге ғана айтсам ба деймін. Мейлі, еркектер де оқып алып, әйелдеріне өтініш етсе болады. «Осы массажды жасап берсең, табысым көбейеді екен» деп көріңізші, қалай жасамас екен.
фото: navigator61.ru
«Ат ерінді, ер мұрынды келеді» дегенді бұрын қанша естісем де, мағынасын түсінбеуші едім. Расын айту керек, аттың ернінде шаруам жоқ, бірақ ердің мұрынды келуін әркім сан-саққа жүгіртіп, адамды төмен қарататын «вариантын» да айтушы еді.
Ер – мұрынды келеді. Түбіне үңілсең, расында мұрынның үлкен болуы еркектің жүзіне «еркекше» сән беретін секілді. Бұл менің жеке ойым. Мұрны кішірек еркектер, мені кешіріп қойыңыздар, дөңмұрын еркектерде бір ерекше рух болатындай көрінеді маған.
Еріккенің ермегі деп қарамауларыңызды өтінем, жақында мен осы турасында ізденіп көріп, шешімін тапқандай болдым. Әрі қарайғысын өздеріңіз тарата берерсіздер. Білгендеріңізді айта отырсаңыздар, біз де біле жүрер едік.
Ғаламторды әрі-бері ақтарып тауып, ердің мұрынды келуінің себебіне жуықтайтын мендік нұсқа мынау болды.
Еркектің табыс нүктесі – мұрыны
фото: ru.freepik.com
Күлерсіз, бірақ әрі қарай оқып көріңіз.
Адамның денесінде әртүрлі жағдайға байланысты нүктелер көп. Бірі денсаулық, бірі отбасы, тағы бірі жұмыстағы өрлеуге апаруға себеп болатын нүктелер. Олардың өзі бірнешеге бөлінеді. Соның ішінде табыс шақыратын нүкте – мұрын екен. Ол да болса жеті нүктеге бөлінетін көрінеді. Жеті нүкте сыятын мұрын дәу болу керегі заңдылық қой?! Оның үстіне, ол нүктенің барлығына массаж жасап тұру керек болса?!
Міне, осы кезде менің ойыма «ер – мұрынды келеді» деген мәтел сап ете қалды. Табысты еркектің еңсесі биік, өзіне сенімі мол, аяғын алшаң басады. Қалтасы қалыңның сөзінде де салмақ бар, әрине, адалынан тапқан болса... Мұндайды «ер» демегенде не дейміз?!
Жарайды, бұл менің жеке ойым ғой. Одан да «табыс табатын нүктелерді» зерттеп жіберейік.
Табысты болу үшін мұрныңызға массаж жасаңыз
Мұрынға массаж жасау ұзақ уақытты алмайды. Таңертең және кешкісін 5 минутыңызды арнасаңыз болғаны.
Мұрынның желбезектерін, екі жаны мен ұшын уқалап тұрып табысты өміріңізді елестетіңіз де, 5 минутқа жайбарақат күй кешіңіз.
Аты жоқ саусағыңыздың жұмсақ жерімен мұрынның көзбен түйісетін жерін уқаласаңыз, жұмыстағы қызмет сатысымен өрлеуге көмектесетін көрінеді.
Не керек, мұрныңызды жиі уқалап тұрсаңыз, жақсы. Айтпақшы, «мұрын қышыды, ішеміз ба, қайдам?!» дегенді естіген боларсыз?! Бұл өтірік! Одан да оны «мұрын қышыды, демек маған табыс келе жатыр» деп түсініп, дер кезінде массаж жасап жібере салыңыз.
Еркекті табысты ететін тағы бір нүкте бар
Оны тек әйелдерге ғана айтсам ба деймін. Мейлі, еркектер де оқып алып, әйелдеріне өтініш етсе болады. «Осы массажды жасап берсең, табысым көбейеді екен» деп көріңізші, қалай жасамас екен.
Ол нүкте – еркектің арқасында, белінен төмен, жамбастан жоғары орналасқан сегізкөз аймағы.
Үнемі ат үстінде (бұрындары, қазіргі көлік) жүретін немесе орындықта отыратын, ауыр жұмыс жасайтын еркектердің сегізкөзі әйелінің ыстық алақанына аса мұқтаж. «Он бала туған әйелдер де беліне массаж жасатпай-ақ жүр ғой, осы» деген кертартпа ойға берілмеңіз. Жаратылыс дегенге де бір қарап қою керек.
Массажды қалай жасайсыз? Әрине, ол жатын бөлмеде орындалады. Жұпар иісті эфир майларының бірі болса, тіптен тамаша! Алақаныңызға көсіп алып, еріңізді екбетінен жатқызыңыз да, белінен төмен аймақты салмақ салмай уқалаңыз. Сүйіктісінің ыстық алақаны мен көңілді жайландырар эфир майы қоса сіңгенде, еркек керемет күй кешеді. Шаршағаны бірден басылып... арғы жағын көре жатарсыздар...
Ертеңіне еріңіздің қабағы түйілмей, сергек қалыпта төсектен атып тұрғанын байқайсыз. Ертеңін сергек бастаған еркектің күні сәтсіз болуы мүмкін емес. Табысты боларын кешкісін үйге аяғын алшаң басып оралғанынан тағы да біле аласыз.
Еркектің осы бір табысты нүктесіне массажды жиі жасап беріп тұрыңыз. Сіздің ғана алақаныңыздың ыстық табына үйренген еркектің осал тұсы тек Сізді ғана іздеп тұрады.
Менің жиған-тергенім бүгінге осы. Алда массаждың тек жатын бөлмеде, оңаша жасалатын түрлеріне де кезек тиіп қалар. Күтіңіздер.
Жайнаған Байтұрым