АҚШ-тағы әуежайда екі жолаушылар ұшағы соқтығысып қалды

0
106

Оқиғаға байланысты FAA әуежайдағы кейбір рейстердің орындалуын уақытша тоқтатты.


АҚШ-тағы әуежайда екі жолаушылар ұшағы соқтығысып қалды

Фото:depositphotos.com / Фото автора CeriBreeze

ERNUR.KZ. Japan Airlines әуекомпаниясының ұшағы АҚШ-тағы Сиэтл/Такома халықаралық әуежайында Delta Air Lines лайнерінің құйрық бөлігімен соқтығысты, деп жазады tengrinews.kz.

Аталған әуежай Вашингтон штатында, Сиэтл мен Такома қалаларының арасында орналасқан. Ол Сиэтл орталығынан шамамен 23 шақырым оңтүстікте және Тынық мұхитының Солтүстік-Батыс аймағындағы ең ірі әуежай саналады.

АҚШ-тың Федералды азаматтық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, ұшақтар әуе диспетчерлік қызметі бақылай алмайтын аймақта болған.

Осы оқиғаға байланысты FAA әуежайдағы кейбір рейстердің орындалуын уақытша тоқтатты.

Delta Air Lines әуекомпаниясы оқиғаға түсініктеме беріп, олардың ұшағы мұздануға қарсы өңдеуге кезекте тұрған кезде, басқа ұшақтың қанаты оның құйрық бөлігіне тигенін хабарлады.

"Экипаж мүшелері мен жолаушылар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ", – делінген әуекомпаниясының мәлімдемесінде.

Delta Air Lines ұшағы Boeing 737 маркалы болған, ол Мексиканың Пуэрто-Вальярта қаласына ұшуы тиіс еді.

Куәгерлер X әлеуметтік желісінде Japan Airlines ұшағының Delta Air Lines лайнеріне тиіп кеткен сәтін көрсететін бейнематериалдар жариялады.

Сиэтл/Такома әуежайының әкімшілігі өрт сөндіру қызметі, полиция және әуежайдың басқа бөлімшелері оқиғаға жедел әрекет еткенін мәлімдеді. Жолаушылар эвакуацияланып, терминалға жеткізілген.

"Оқиға ұшу-қону жолағында емес, рульдеу жолағында болғандықтан, әуежай жұмысына айтарлықтай әсер еткен жоқ", – деп толықтырды әкімшілік.